Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Мүгедектер отбасы үйсіз қалды

AstanaTV
21.05.2020ж. 20:00
2237
Мүгедектер отбасы үйсіз қалды

Нұр-Сұлтандағы төрт баласы бар мүгедектер отбасы баспанасыз қалды. Олар тұратын жер үй осыдан төрт күн бұрын қабырғасы қирап, опырылып түсті. Абырой болғанда, отбасы мүшелері аман. Бірақ олардың барар жер, басар тауы жоқ. Әзірге оларға еріктілер ғана көмектесіп жатыр. Мұқтаж отбасына барып, жағдаймен танысқан әріптесім Айя Мүтәлі жалғастырады.

Айдың-Күннің аманында баспанасыз қаламыз деп ойламаған Фадеевтер отбасы қазір жыларман күйде. Көз алдында жермен-жексен болған үйлерінен заттарын жинап жүр.

Айя МҮТӘЛІ, ТІЛШІ:

Отбасы мүшелерінің айтуынша, үйдің қабырғалары екі жыл бұрын қақырай бастаған. Артынша, баспананың өзі жарамсыз күйге түсіп, опырылып құлаған. Бүтін баспанадан, қазір мынандай қираған үйінділер ғана қалып отыр.

Қираған үй 60-жылдары бой көтерген. Ол Татьянаның әке-шешесінен мирас болып қалған екен. Баспана сайда орналасқандықтан, бұл маңды жыл сайын су алады, дейді олар. Әкімдіктегілер қызыл суды сорғызумен ғана шектеледі,- деді. Өздері де бірде-бір рет жөндеу жасамаған. Ал, биыл қар қалың түсіп, жауын-шашын үзілмегендіктен, құлауға шақ тұрған үйді сақтап қалу тіпті мүмкін болмады деп отыр. Қираған үй мен кірпіштердің астында олардың жиһаздары мен жабдықтары қалып қойды.

Татьяна ФАДЕЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Біз заттарымызды алып үлгермедік. Барлығы сонда қалып қойды. Соған қарамастан, басымыздың аман қалғанына шүкір етеміз. Ешкім зардап шекпеді. Бізді бір құдірет күш қана бізді құтқарып қалды.


Көшеде қалған Фадеевтер отбасына қазір қайырымды жандар қарайласып отыр. Аядай болса да, пәтер жалдап беріпті. Алайда, оның өзі уақытша болғандықтан, жандары тынышталар емес. Отбасының кірісі тек жәрдемақы ғана. Оағасы Виталий - екінші топтағы мүгедек, эпилепсиямен ауырады. Татьянаның анасы да өздігінен жүріп-тұра алмайды. 4-баланың үлкені де ерекше күтімді қажет етеді. Волонтерлер мұқтаж жанұяға қолдан келгенше көмек беріп жатыр. Алайда, қаржылық қиындықтар жоқ емес.
 
Ерден НАРЫҚБАЕВ, "QANAT" ЕРІКТІЛЕР ҰЙЫМЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Әзірше біздің тапқанымыз гозоблок. Спонсор тапсақ та, таппасақ та, кішкене әрекет істеп, фундаментін, сосын қабырғаларын көтеріп, крышасын жауып, хотя бы бір бөлмесін бітіріп берсек те. Далада қалмас үшін. 

Баспанасыз қалған отбасыға жергілікті әкімдік те көмек қолын созып жатыр. Алайда, оның өзі жеткіліксіз дейді. Еріктілер елорданың қақаған аязына жеткізбей, үйді қайта қалпына келтіруді көздейді. Сол үшін құрылыс материалдарына демеуші іздейді. Сонымен қатар, қала тұрғындарын қираған баспананың үйінділерін бірлесіп, жинауға шақырады. 

А. Мүтәлі