Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Солтүстік Қазақстан облысындағы Якорь селосының жұрты ауыз суға жарымай отыр

AstanaTV
21.05.2020ж. 20:00
1823
Солтүстік Қазақстан облысындағы Якорь селосының жұрты ауыз суға жарымай отыр

Солтүстік Қазақстан облысындағы Якорь ауылының тұрғындары ауыз судан қағылған. Екі айдан бері тіршілік көзін сатып алып, ішуге мәжбүр. Өйткені су борсып кеткен деп отыр. Ал суға жауаптылардың Өз уәжі бар.  Тараптарды тындап қайтқан аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкиннің репортажы.

Якорь селосының байырғы тұрғыны Фарида Талгачева үйге келіп тұрған ауыз суды тұтынудан қалған. Айтуынша, екі ай бұрын су бүліне бастаған. Енді зейнеткер тіршілік нәрін күнде дүкеннен сатып алуға мәжбүр.

Фарида ТАЛГАЧЕВА, ЯКОРЬ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Егер флягта екі үш күн су тұрып қалса, ішінде сары түсті заттар қалқып жүреді. Судың өзінен иіс шығады. Қайнатып көрдік, бірақ ішу мүмкін емес.

Ауыз судың зардабын тек Фарида Талгачева емес, маңайдағы тұрғындар да тартып келеді. Ауыл жұрты суды қазір тек шаруашылыққа ғана пайдаланатындарын айтады. Ішуге дүкеннен алуға мәжбүр.

Нина ЛЫЧКИНА, ЯКОРЬ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Судан кәріздің иісі шығады. Сосын оны біршама уақыт жіберіп қою керек. Біраздан кейін иісі басылады. Тұрғындар негізінен 5 литрлік суды сатып алып ішіп жүр. Өзім сол дүкенде сатушы болып істеймін.

Сасық судан әбден қажыған бұқара, биліктен де көмек сұраған. Ауылды сумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын өкілі судың сапасына сенімді. Жағымсыз иісті ол құбырлардың тозуымен түсіндіреді.

Қайырбек НҰРАЛИН, "ҚЫЗЫЛЖАР-ТҮКШ" ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Көбі суды дұрыс қолданбайды. Сосын өткізілген трубалары 30-40 жыл болған,тұрып қалған. Ал біз беріп жатқан судың сапасы оңды. Соколовский водопроводный управление, содан аламыз. Олар анализді ай сайын өтіп отырады.


Үш мыңға жуық тұрғыны бар Якорь ауылындағы су желісінің жалпы ұзындығы 12 шақырымға созылады. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары тартылған құбырлар бүгінде әбден тозған. Жергілікті билік биыл оның тек жеті пайызын ғана жаңғыртуды көздеп отыр.

Валерий ТИХИЙ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ ЯКОРЬ СЕЛОЛЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Су ауылға таңертеннен кешке дейін беріледі. Тәулік бойы қамтамасыз етуге болмайды. Құбырлар шыдас бермейді. Биыл желінің 800 метрі жөнделеді. Оған 7.5 миллион теңге бөлінді. Қалғаны келесі жылдары жаңғыртылады.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Тұрғындардың айтуынша өткен аптада эпедемиолог мамандар келіп, судан сараптама алған. Бірақ оның қорытындысы әлі дайын емес. Күрделі зерттеу қорытындысы шамамен бір айдан кейін ғана белгілі болатынын айтты.


А. Құрманкин