Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Павлодар облысында шаруалар жерімізді әлдекімдер заңсыз алып қойды деп бас көтерді

AstanaTV
22.05.2020ж. 20:00
2785
Павлодар облысында шаруалар жерімізді әлдекімдер заңсыз алып қойды деп бас көтерді

Павлодар облысында шаруалар жерімізді әлдекімдер заңсыз алып қойды деп бас көтерді. Айтуларынша, конкурстық рәсім әділ өтпеген. Жер сұраған шаруаларға аудан әкімінің өзі бұл жерден бас тартыңыз деп талап қойыпты. Әділдік іздеген ауыл халқы елді-мекенге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандарын шақырды.  Тақырыпты тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ түрген тілшіміз Өзгеріс Қуанар тарқатады.

Бұл - Железин ауданына қарасты Үрлітүп ауылының жан-айқайы. Елді-мекенде мал жаятын жер қалмады деген тұрғындар ашуға ерік берді. Айтуларынша, ауылға тиесілі жерді сырттан келген әлдебір диқан иемденіп кеткен. Соның кесірінен азын-аулақ малын ауыл шаруашылығы кооперативіне қосқан тұрғындар жерсіз қалыпты.

Валерий ПЛОЩИК, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КООПЕРАТИВІНІҢ ӨКІЛІ:

Жер учаскесін бөлу кезінде аудан әкімі маған ол жерден бас тартуымды сұрады. Өйткені, ол учаске оған дейін де бөлініп қойған - деді. Ал аталған жер өте құнаралы аумақ. Егін егуге таптырмас жер.

Шаруалар конкурстың әділ өтпегенін айтады. Жер телімін бөлуде «бармақ басты, көз қысты» әрекеттің орын алғаны анық деп отыр.  Ауылдықтардың мұңын тыңдаған жергілікті билік өкілдері болса, әдеттегідей барлығы заң аясында өткенін айтты. Ал кооперативтен жер телімін алуға өтініш түспеген - деді.

Наталья ТУПИЦЫНА, ЖЕЛЕЗИН АУДАНДЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:


Өткен жылы облыс әкімі осы аумаққа арнайы іс-сапармен келіпті. Ол кезде мен декреттік демалыста болдым. Сол кезде аймақтың бұрынғы басшысы Болат Бақауов "Болашақ-Агроға" суармалы жер алқабын ұлғайтуға тапсырма берген. Ол үшін ауылдан 3 шақырым қашықтықтан жер телімі ұсынылған.


Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Дауға айналған осы жер. Аумағы 180 гектарды құрайды. Мұнда диқандар  суармалы егіншілікпен айналысу үшін арнайы су құбырын жүргізіп жатыр.

Жиында «жерді заңсыз алды» деген диқанда төбе көрсетті. Оның айтуынша, тұрғындардың бұл сөзі шындыққа жанаспайды.

Қуат АНАФИН, "БОЛАШАҚ-АГРО" ЖШС БАСШЫСЫ:


Жала жауып бізге конкурсты басқа жолдармен алды деген бекер сөз. Біз заңды алдық осы 180 гектарды. Енді әрмен қарай болатын болса, біздің сотқа беруімізге нағыз кезек боп тұр. Өйткені бекер айтылған сөз. Жанағы площодты біреу арқылы алды деген. Бәрі заңды.


Тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдаған жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері, жергілікті атқарушы билік өкілдерін кінәлайды. Өйткені, олар тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізбеген. Сондықтан аудан әкімдігінің жемқорлыққа қатысының бар жоғы тексерілмек.

Ардақ БАЛҒОЖИН, СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ АГЕНТТІКТІҢ ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:


Жер учаскесін бөлу конкурстық негізде өтеді. Бұл жерде барлық қатысушылардың құқы тең дәрежеде қорғалуы керек. Сондықтан бұл мәселеде олқылық бары анық. Біз оны зерттеп, жердің заңды, заңсыз алынғанын анықтайтын боламыз.


Ал «жерден бас тартыңыз» деген аудан әкімі тұрғындардың жанайқайын тыңдауға келмеді. Жергілікті атқамінерлердің сөзінше, ол іс-сапарда жүр екен.

Ө. Қуанар