"Қызмет бабын асыра пайдаланды", деп айыпталған бұрыңғы облыс әкімі ісіне нүкте қойылды. Павлодар қаласының №2 сот Үкіміне сәйкес, Болат Бақауовтың бас бостандығы 3 жыл 6 айға шектелді. Бұрыңғы аймақ басшысы кімді салықтан босатты және қанша қаражатты қалтаға басты? Өзгеріс Қуанар тарқатсын.
Сотқа айыпталушының өзі келген жоқ. Болат Бақауов тағылған айыпты үйінде отырып, онлайн тыңдады. Олардың бәрін прокурор тізіп шықты. Келтірілген деректерге қарағанда бұрыңғы аймақ басшысы, кірістер департаментінің басшысы Бауыржан Айнабековке және інісі Руслан Бақауовтің 4 жыл төленбеген салығын қысқартуды бұйырған. Сөйтіп олар 200 млн теңгені салығынан жалтармақ болыпты.
Елена БЕЛОВА, ПРОКУРОР:
Айнабеков облыс әкімінің қызметтік кабинетіне келіп, Бақауовқа төленбеген салықтың қысқартылған актісін ұсынған. Құжатта салық көлемі 3 млн. 146 мың 272 теңге деп көрсетілген. Бұған қоса ол өзімен бірге серіктестікке жүргізілген тексерудің екінші актісінде ала келген. Онда мемлекетке серіктестіктің жалпы қарыз көлемі 212 млн. 69 мың 72 теңге деп жазылған. Яғни, бұл қомақты көлемдегі төленбеген салық.
Болат Бақауов кінәсін толық мойындағандықтан, сотқа куәгерлер шақыртылмады. Мемлекетке келтірген шығын көлемі алдын ала төлеңген көрінеді. Яғни, 165 млн теңге елге қайтарылды.
Нұрлан ҚАЙЫРБЕКОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ №2 СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
Сот Бақауов Болат Жұмабекұлын кінәлі деп тауып, ҚР Қылмыстық Кодексінің 361 бабы, 4 бөлімінің 3 тармағы бойынша 3 жыл 6 ай мерзімінде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Және оған өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне болмайды.
Бұдан бөлек Бақауов жылына 100 сағат қоғамдық жұмыспен айналысуға міндеттелді. Жазасы өтелгенше, қаладан шығуына және ойын-сауық орталықтарына баруына тыйым салынды. Ал, мүлкіне қойылған бұғаттаулар алынды. Сот шешімі 10 күннен кейін заңды күшіне енеді.
Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:
Естеріңізге салайық, күні кеше Болат Бақауовқа қатысты қылмыстық іс біршама жеңілдеді. Онда 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген бап ауыстырылып, дүние мүлкін тәркілеу де алынып тасталған болатын.
Ө. Қуанар