Аралда алты жыл бұрын "қауіпті" деп танылған үш балабақша бүгінгі күнге дейін жұмыс істеп келген. Бала өміріне қауіп төндірген мекемелер, «Nur Otan» партиясының араласуымен жуырда ғана жұмысын тоқтатты. Онсызда бөбекжайы жетіспейтін Арал жұртшылығы енді баласын қайда апармақ? Тілшіміз тарқатады.
Бұл, апатты жағдайда тұрған балабақшаның -біреуі. Қабырғасы қамыстан өрілген бөбекжайдың 65 жылдық тарихы бар. Мекеме қысты күні көмір жағып жылынады. Ескіргені соншалық, бір қыста 50 тонна отын пайдаланады екен. Балабақша жағдайын жуырда аймақ басшысы Гүлшара Әбдіхалықова өз көзімен көріп қайтыпты.
Гүлшат ЖАЛҒАСБАЕВА, "ЖАЗИРА" БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Сол кезде осы ауданымыздағы апаттық жағдайдағы балабақшалардың жай-күйімен танысып кетті. Балабақшада қазіргі таңда 116 бала тәрбиеленіп жатыр. Сұраныс өте көп. Біздің балабақша қабырғалары қамыстан салынған.
Аралда, мемлекет меншігіне қарайтын 9 балабақша бар. Соның үшеуі алты жыл бұрын "апатты" деп танылды. Алайда, бөбекжай тапшылығына байланысты үшеуі де жұмысын тоқтатпаған. "Nur Otan" партиясы облыстық бақылау комиссиясының араласуымен ғана, қауіпті мекемелері енді жабылып отыр.
Мұхтар ОРАЗБАЕВ, АРАЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
Біз аудан тарапынан бүгінгі күнге дейін осы апатты жағдайдағы балабақшалардың құжаттарын саралап, бұған дейін де бірнеше рет ұсыныс облыстық басқармаларға бергенбіз. Дегенмен, қаржы тапшылығына байланысты ол шешімін таппады.
Ескі балабақшалар 300-ден аса бүлдіршіннің өміріне қауіп төндіріп отыр. Мектепке дейінгі үш мекеме бұзылып орнына заман талабына сай балабақша салу мәселесі көтерілді.
Аида АБИБУЛЛАЕВА, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ЖАНЫНДАҒЫ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:
Арнайы «Жол картасы» дайындалды. Сол «Жол картасы» бойынша ұйымдастырылатын барлық іс-шаралардың сапалы, жедел, шұғыл орындалуына филиал төрағасы - облыс әкімінің тікелей бақылауында болады. Және де партиялық бақылау комиссиясы да өзінің ерекше бақылауында ұстайтының жеткіземін.
Апатты 2 балабақшаның орнына 280 орындық бір мекеме салынатын болды. Ал үшінші бөбекжай аудандық ауыл шаруашылығының ғимаратына көшірілмек.
А. Данияр, Ш. Сактапова