$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Павлодар облысында ауыл тұрғындары шошқа фермасын салуға қарсылық білдірді

AstanaTV
01.06.2020ж. 20:00
3857
Павлодар облысында ауыл тұрғындары шошқа фермасын  салуға  қарсылық білдірді

Керекудегі Үміт апа кентінде доңыз дауы басталды. Тұрғындар ауыл шетіндегі шошқа фермасына қарсы шықты. "Доңыздан күлімсі иіс шығып, ауылды мезі қылды", дейді жергілікті халық. Мәселенің мәнісін тілшіміз Өзгеріс Қуанар анықтап көрді.

Үміт апа елді мекенінде 300-ден аса халық бар. Ауылдың негізгі кәсібі - мал шаруашылығы. Осы салада кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпорындардың бірі 9 жыл бұрын осы ауылдың іргесіне доңыз фермасын салған. Алайда, шошқа бағу ауыл тұрғынарына ұнамады.

Дүйсенбай ТӘШІБАЙ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Мына жерде кирпишный зауыт болған сол жерге апарып мая-мая ғып боғын үйеді. Удобряение дейді. Қайдағы удобрение шошқаны болмайды ғой. Соның иісі тура мүңкіп тұрады анқып.


Шошқа фермасы жуырда доңыз басын 1200-ге көбейтіп кәсібін кеңітпек. Бұл ауыл тұрғындарының наразылығын тудырды. "Күлімсі иістен мезі болдық", дейді "үмітапалықтар".

Ермұрат ХАСЕНҰЛЫ, АУЫЛ ИМАМЫ:

Өздеріңіз білесіздер Алла Тағала құранда да айтқан. Доңыздың еті харам деген. Сол себепті осындай харам нәрсе жақын маңатта болғаннан кейін оған көз жұмып қарап отыруға болмайды.


Үміт апа - кезіндегі елге танымал емшінің бірі. Елді мекен сол кісінің есімімен аталған. "Киелі жер", деп білетін ағайын ауылға әлі күнге ағылуда.

Бақыт ТАМАРҒАЛИЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:


Мында автобус-автобус кісілер келеді. Өзі апаға аруағына сиынып, қой сойып жатады осы жақта. Енді олар келгеннен кейін иіс шығып тұрғанда, ол енді бір  айтамыз ғой шошқаның өзі харам деп еті.

Жергілікті биліктің сөзіне сенсек, ферма құрылысы туралы ауыл тұрғындарымен қоғамдық тыңдау жүрген. Алайда карантинге байланысты талқылау "онлайн режимде" жүрген. Ауыл ақсақалды болса, "Онлайн жиналысты түсінбедік", деп отыр.

Айгерім ҚАБЫЛТАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ ЖӘНЕ ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Бұл ережелер  20 күн бұрын жарияланды. Тұрғындардың ол жобамен танысуға мүмкіндігі болды. Ол БАҚ жарияланды. Ол біздің департаменттің сайтында да жарияланды. Әркімнің әр тұрғынның осы жобамен алдын ал танысуға мүмкіндіктері болды.

Аудан әкімі, "Бұл жерде кәсіпкер тарапынан ешқандай заң бұзушылық болмағанын" айтып отыр. Санитарлық талаптар сақталған.

Жанат ШҰҒАЕВ, ПАВЛОДАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бұл жоба айтып отырмын ғой 6 жыл бұрын басталып кеткен. Қазір кеңейтіліп жатыр. Бұл жаңа стройка емес. Енді Рубиком ЖШС-нің басшыларымен сөйлескенде, мен әңгімелескенде олар айтып отыр. Осы басталған кеңейтілген жұмыстарын аяқтағаннан кейін сосын тоқтатамыз деп отыр.


Эколог Юрий Павленко болса шошқа фермасы құрылысы кезінде жергілікті халық уәжі дұрыс ескерілмегенін айтады.

Юрий ПАВЛЕНКО, ТҰТЫНУШЫЛАР ОДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ ӨКІЛІ:


Есептеуіміз бойынша фермадан жылына 51 тонна метан бөлінеді. Бұл өте қауіпті элемент. Доңыз тезегінен шығатан аммиак та өте зиянды. Оның көлемі жылына 10 тонна 10 кг болады екен. Мұндай қауіпті қалдықтарға адам түгіл қоршаған орта шыдамайды.


Кәсіпорын басшылығы болса, "Барлығы Заң аясында" деп отыр. Фермадан шыққан күлімсі иіс ауылға жетпейтін көрінеді.

«РубиКОМ» ЖШС:
 
Әр тоқсан сайын ауадан, судан, топырақтан сынама алынады. Биотехнологияның арқасында кешен аумағы иістен тазартылған. Үміт апа ауылы алыста тұр. Иіс жетпейді. Кешен  үлкейгенмен, шығатын қалдық көлемі өспейді.
                                                                                        
Амалы таусылған тұрғындар енді араша сұрап Мемлекет басшысына шағымданбақ. Ауыл ақсақалдары арнайы хат жазып, жүзге тарта қол жинап қойыпты.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Ауыл тұрғындары бұған дейін шошқа фермасын салуға қарсылық білдірген. Алайда, ешкім құлақ аспапты. Елді-мекеннен 3 шақырымда орналасқан кешен аумағы тағы ұлғаяр болса, ауылдан көшкеннен басқа амал жоқ - деп отыр.

Ө. Қуанар