$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматыда мәдениет ықшам ауданының тұрғындары су мен жол азабын тартып отыр

AstanaTV
02.06.2020ж. 20:00
5490
Алматыда мәдениет ықшам ауданының тұрғындары су мен жол азабын тартып отыр

Алматыдағы Мәдениет шағын ауданының халқы да шыжыған ыстықта ауыз судың азабын тартып отыр. Олар суды тасып ішкелі 10 жылға жуықтаған. Ол ол ма, жоқ суға ақы сұрайтын коммуналды мекеме де елдің титығына тиген. Тіпті жол мәселесі де шешілер емес. Қара жолдың шаңына тұншығып, таңдайын жібітер ауыз суын сатып алып ішуге мәжбүр халықтың жағдайын сұрап, осы күнге дейін бірде-бір шенді ат басын бұрмаған.

Мейірбек Кенжебекұлы он жылдан бері осында тұрады. Айтуынша бес жыл бұрын бұл аумақ қалаға өткен. Содан бері ресми түрде Мәдениет ықшам ауданы аталыпты. Облыстағы шенділер берген уәдені қаладағы ақ жағалылар да қайталап келеді, дейді. Амалы таусылған жұрт биыл да жаз бойы суды тасып немесе сатып ішуге мәжбүр. Ал, коммуналдық қызмет болса жоқ суға ақы төлеуді талап етеді екен.

Мейірбек КЕНЖЕБЕКҰЛЫ, ТҰРҒЫН:

Жылына бір насос қоямын 20 мыңнан. Ал, ана кісілер келеді де суға ақша төле дейді. Қалай төлейсің? 20 мыңды оған төлейсің ба, светке төлейсің ба, әлде насос аласың ба? Айтамын, суды бер, біз қарымызды төлейміз. Напор болсын.

Ауыз су бұйырмаған ауыл тұрғындары жиналып, арыздарын жіпке тізді. Өткен жылы қала әкімі уәде берген көшелерді толықтай жарықтандыру жоспары да мұнда жетпеген. Бірақ, мәдениеттік жұрт электр жарығының әр киловаты үшін жирма теңгеден отыз теңгеге дейін төлеуге мәжбүрміз, дейді.

Нұрбүбі НҮСІПОВА, ТҰРҒЫН:

Неше күн болды су ішпегенмізге, дүкеннен 5 литрлік судан сатып алып, сонымен тамақ істеп, сонымен жуынып жүрдік. Басқа не айтамын, свет деген сәл жел тұрса свет өшіп қалады. Әсіресе биыл дым су жоқ болып тұр. Бір анда-санда алдап жіберіп қояды.

Мәмбет РАХМЕТУЛЛАЕВ, ТҰРҒЫН:

Мына Рахатта электрдің бағасы киловаты 16 теңге. Ол баяғыдан бергі 16 теңге сол күйінде тұр. Ал, бізде 30 теңге болады, 25 теңге болады, 22 теңге болады. Сондай баға. Неге қымбат, екеуі қатар орналасқан жер.
 
Мәдениеттіктердің айтуынша, аумақ қалаға өткелі бері бірде-бір шенді ат басын бұрмаған. Шағын ауданның инфрақұрылымын жасау бойынша әлі күнге жоспарда жасалмағаны белгілі болды.

Қанат ӘШІРБЕКОВ, АЛМАТЫ қ. АЛАТАУ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:


Бізге кейіннен қала шекарасына қосылған ықшам аудан болғандықтан бұларға жоба жасалынып жатыр. Жоба жасалынып болғаннан кейін келесі жылдары су жүйесіне қосылуға мүмкіншілік болады. Жоспар жасалынып болғаннан кейін белгілі болады. -жоспар қашан жасалады? -Жоспар келесі жылға дайындалып болады.

Демек бір жылдан кейін ғана жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылмақ. Яғни, тұрғындар биыл да сусыз отырмақ.

Аршын КЕМЕЛЖАН, ТІЛШІ:

Алатау ауданына тиісілі Мәдениет ықшам ауданының тағы бір түйткілі әлі күнге шешімін таппаған жол мәселесі. Бүгінгі күні мысалы, мына көшені алатын болсақ, тұрғындар өзара 30 мың теңгеден қаржы жинап, ескі асфальт төсеген. Ал, өзге көшелер әлі күнге ойдым-ойдым. Жауын жауса лай-батпақ, күн шықса шаңы көкке көтеріледі.

Жалпы бұл ықшам ауданда 6 мың тұрғын бар. Олар балабақша, мектеп, емхана немесе басқа да әлеуметтік нысаннан үміттерін үзген.

А. Кемелжан