Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Бес айдың ішінде домбыраның құлағында ойнау... Психоневрологиялық орталықтан репортаж.

AstanaTV
30.09.2017ж. 20:00
2355
Бес айдың ішінде домбыраның құлағында ойнау... Психоневрологиялық орталықтан репортаж.

Астанада жыл соңына дейін 13 мың фото-бейне камера жұмыс істемек. 3 мың камера сауда-ойын-сауық орталықтарына, театрлар, спорт кешендері, музейлерде орнатылып қойылды. Жыл соңына дейін 400 жолдар түйісетін жерлерде, 300 желілік учаскелерде 6 мың фото-бейне камера жұмыс істейді. «Сергек» деп аталатын.  Бұл, жолда жүру ережелерін бұзу фактілерін де барынша азайту қадамы. Жолдағы апаттардан адам өлімі біздің елімізде тым жоғары. Биыл алты айда 7127 жол апаты болған. 10 мыңдай адам зардап шеккен. 738 адам ажал құшқан. Мүгедек болып қалатындар бар.Мүгедектік тек тәнге қатысты емес, мысалы, Павлодардың маңындағы "психоневрологиялық орталықта" жол апаттарынан зардап шегіп, жүйке жүйесі дертке шалдыққандар бар. Олар өмір бақи ...солай болып қалады. Өзінің ғана емес, өзгенің де алаңсыз тіршілігінің ойран-топанын шығарып жататын жол апттарына кінәлілерді... 

Павлодар қаласынан 20 шақырымдай жерде Мичурин ауылында орналасқан бұл мекемені білетіндердің саны саусақпен санарлық. Өйткені бұл  - жабық нысан. Сыртынан кәдімгі мектепке ұқсайды. Алты корпусы, абаттандырылған ауласы, шағын бау-бақшасы бар. Тек, мұнда кіріп-шығу шектеулі. Бұл – біз үйренген үйлерден бөлек үй. Тұрғындары да басқа, тағдырлары да сан алуан...

Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін Павлодар облыстық психоневрологиялық орталық... Атауынан-ақ бүгінгі кейіпкерлеріміздің кім екенін түсіну қиын емес. Қазіргі таңда мұнда 600 адам тұрып жатыр. Тұрады деуіміздің өзіндік сыры бар – өйткені олар үшін бұл нысан туған үйі іспетті. Көбі соттың шешімімен «қабілетсіз» деп танылғандар. Мамандардың айтуынша, науқастардың тең жартысы «шизофрения» дертіне шалдыққандар. Ауыр жарақаттан кейін мүгедек болып қалғандар мен ақыл-ойында кемістігі бар жандар. 

Бейбіт Қожанов, Павлодар облыстық психоневрологиялық орталығының дәрігері:

Бірдемесі болса, өзгеріс жағдайында медбикелер бізге жеткізеді дәгірерлерге. Дәрігерлер қарайды, қиын ауру болса, мұнда күшіміз жетпесе, оны қаладағы ауруханаға жібереміз. Қолымыздан келсе, өзіміз мұнда емдейміз...

Медициналық мекемеде 11 дәрігер, 56 медбике бар. Олар науқастарды күні-түні жіті бақылауында ұстайды. Орталық директоры Нұрлан Абашевтың сөзінше, жұмыс өте ауыр. Әсіресе, психологиялық тұрғыдан. Сондықтан, тұрақтап қалатындар шамалы. Десе де, тәжрибелі мамандар өз қызметін адал атқарып жүр. 

Жүйке жүйесінің ауытқуына шалдыққандар өз әлемінде өмір сүреді. Олардың қабілеті кейде 3 жасар баланікіндей болса, кейде керісінше, ұшқыр ойлы, өте дарынды болуы мүмкін. Сонысымен де ауыр,-дейді дәрігерлер. Әсіресе, дерті дендеген кезде туыс-туған түгіл, тіс қаққан мамандардың да шамасы жетпей қалады. «Ерекше» адамдарды ерекше режимде ұстауға осы фактор түрткі болған.

Бейбіт Қожанов, Павлодар облыстық психоневрологиялық орталығының дәрігері:

Обострение кезінде өте қиын бұларды бағуға. Дәретке бара алмайды. Сол кездерде шайқасады. Қазір адамдар қызмет істейді қалада. Үйде отыратын адам жоқ. Оларға қиын, мұнда әкеліп бізге тапсырады. Келіп тұрады туысқандары. Үйге, домащний отпуск дейміз, үйлеріне алып кетеді. 10 күн, 3 күнге, 2-3 айға.

Қазақтың қара домбырасының қоңыр үні бұл науқастың жараланған жанын жадырата түскендей. Небары бес айдың ішінде ол қос ішекті аспапты меңгеріп алған. Белгілі күйлерді нақышына келтіріп орындайды. «Нұр шашу» деп аталатын шағын ансамбльдің мүшесі мекемедегі бар мерекені жандырып жіберетін көрінеді.

Саят Мәжит, музыкалық жетекші:

Жалпы осы музыкалық аспаптар біздің науқастарымыздың көңіл күйіне, денсаулығына өте ерекше әсер етеді деп ойлаймын. Өйткені, олар өздерінің ішкі дүниелерін көрсете алады. Сол музыка арқылы өздерін ерекше сезіне алады. -Тез қабылдайды ма? –Иә, тез қабылдайды. Жарты жылдың ішінде олар музыкалық мектептің деңгейінде ойнайды.

Саят бұл орталыққа екі жыл бұрын жұмысқа орналасқан. Оның жетекшілігімен науқастар 3 бағыт бойынша музыкалық сабақ алады. Домбыра, фортепиано және ән. 

Кезінде оқшауланған мекемелерде «темірдей тәртіп» қағидасы үстем болғаны рас. Дегенмен соңғы бес жылда ізгілендіру үрдісі қарқын алды. Бұрындары «жабық нысан» мәртебесіндегі бұл ұйымға да журналистер түгіл, туғандарының өзі келіп-кетуі екіталай еді. Қазір «ашық есік күні» жиі ұйымдастырылады. Ата-ана, жақындары науқас туысының жағдайын өз көзімен көруге мүмкіндік алған. Сондай-ақ, орталықта емдеудің нәтижесін жақсартуға бағытталған соны жобалар енгізілген. Бұл – еңбекке баулу, арт-терапия сынды жаңашылдықтар. 

Әзіл Манабаев, Павлодар облыстық психоневрологиялық орталығы директорының орынбасары:

Бізге түсетін қызмет алушылардың басым бөлігі белгілі бір шаруаға икемделіп келеді. Біз олардың білгенін әрі қарай дамытуға тырысамыз. Егер ондай машықтанған дүниесі байқалмаса, жаңасын үйретеміз. Сөйтіп, емдеу үрдісін еңбектену арқылы жаңа сатыға көтеруды мақсат еттік. Қазіргі нәтижеміз жаман емес. 

Түрлі-түсті бояулардың үйлесімдігі, шексіз кеңістік, тұңғиық тереңдік пен көңілде сайрап жатқан миллион эмоцияның бір көрінісі. Қабырғада самсап тұрған картиналарға қарап, осыны түсінесің. Бірі - қою өңдерге мән берсе, енді бірінің суреті ашық, таза реңдермен ұштасып жатыр. Мамандардың сөзінше, әр күнгі салынған туындыға қарап науқастың жағдайын бағалауға мүмкіндік бар. Жаны жараланып, қоғамнан оқшауланып қалған жандардың да бақытты болғысы келетінін, жарқын күндерге сенетінін осы тілсіз дүниелер жеткізгендей.

Жүйке жүйесінің ауытқуы зерттеліп, бітпеген ауру. Ғалымдардың пайымынша, көбі тұқым қуалайды. Бірақ соңғы уақытта түрлі апаттан жарақаттанып, соңынан ақыл-есі кемтар болып қалған адамдар да көбейген. Жалпы, күйзеліске 3 жасар бала да, тепсе темір үзетін 25 жастағы азамат та, тіпті, елінің алдында жарқырап жүрген өнер адамы да шалдығуы ықтимал. Келесі фактордың бірі – экология... 

Бейбіт Қожанов, Павлодар облыстық психоневрологиялық орталығының дәрігері:

Экологияның нашарлығы да мәселені ушықтырып отыр. Мәселен, өзгерістер гармоналдық деңгейде, ДНК деңгейінде болады. Соның салдары осындай ауруға әкелуі әбден мүмкін. Өйткені, экология адамның геномына әсер етеді. Бізде 46 хромосома бар. Белгілі бір жайттан, оның кез келгені зақымдануы мүмкін. Ал, бұл өзгерістің адамның жүйке жүйесіне қалай әсер ететіндігін дөп басып айту қиын. 

Мамандар бұл дерттің белгісін анықтаудың қиын екенін жасырмайды. Күнделікті тірлігін жасап, қызметін істеп, еш алаңсыз жүрген адамның бір сәтте морт сынуы... Жүйкеде орын алған төңкеріс, қайтып орнына келмейтіндігі... Жан дүниенің күйзелісінен басталып, кейін тән, әрі жан мүгедектігіне әкелетіндігі... Өкінішті...

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Кейбір мәліметтер бойынша Қазақстанда 300 мыңға жуық психикалық ауруға шалдыққан адам бар. Бірақ, бұл ресми ақпарат. Яғни, арнайы мекемеге тіркелгендердің көрсеткіші ғана. Алайда, елімізде мамандарға бармағандар қаншама?! Не болмаса, жүйке жүйесінде ауытқудың барын сезбей жүргендер ше?!  Олардың күндердің күнінде бейнелеп айтқанда, «жарылып», жанды түршіктіретін нәрсе жасауы мүмкін екенін біздің қоғам жақсы біледі... 

Әсемгүл Мұхитқызы «Біздің уақыт».