$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қызылжарда жол мүлде жөнделмегеніне 2 жыл болған

AstanaTV
05.06.2020ж. 20:00
2005
Қызылжарда жол мүлде жөнделмегеніне 2 жыл болған

Қызылжарда жол үстіндегі шұңқырлар, екі жылдан бері жөндеу көрмеген. Мұны қалалық әкімдік өкілдері растады. Көше бойындағы асфальттың тозығы жетіп тұр. Бұл әсіресе көлік жүргізушілерінің наразылығын тудырды. Олар жол үстіндегі кәріз құдықтарыда дұрыс жабылмағанына ашулы. Жөндеу көрмеген қала ішіндегі жолдар жайлы әріптесім Абзал Құрманкин әңгімелейді.

Қызылжарда 27 көшенің жолы жөндеуді қажет етеді. Шұрық тесікке толған жол, көлік жүргізушілерінің титығына тиген. Дегенмен жөндеу жұмыстары енді басталып жатыр. Алайда, тұрғындар науқан кеш басталды деп налиды. 

Виктор ЛЮДКЕЕВИЧ, ТҰРҒЫН:

Жолдардың жағдайы көңіл көншітпейді. Мәселен, Гашека көшесінде шұңқырдың үлкен болғаны сонша, оны айнылып өту мүмкін емес. Осы жолдың салдарынан көлікті де жиі жөндетеміз. Әкімдіктің карантин уақытында қол қусырып отырып, енді ғана қимылдап жатқанына қызығам.

Виталий САМЫКИН, ТҰРҒЫН:

Қала ішіндегі жолдар, әсіресе кәріз құдықтары әбден мезі қылды. Кейбірі тым терең. Байқамай қалсаң, көліктің дөңгелегін соғып аласың. 


Асфальт үстіндегі кәріз қақпақтары да бүгін маңызды проблемаға айналған. Жалпы жол бетінде 1600 кәріз құдығы бар, оның басым бөлігі асфальттан тым төмен орналасқан. Жауапты коммуналдық кәсіпорын құдықтарды тегістеу тарифте қарастырылмаған. Сондықтан оған жауапты емеспіз деді.

Ербол НӘБИЕВ, "ҚЫЗЫЛЖАР СУ" ЖШС СУДЫ АҒЫЗУ КЕШЕНІНІҢ БАСШЫСЫ:

Қызылжар су кәсіпорнының меншігінде 15 мың 500 кәріз құдығы бар. Біз тек апатты құдықтарды ғана жөндейміз. Қазір олардың барлығы бірдей жұмыс істеп тұр. Негізінде жол үстіндегі құдықтарды асфальт төсейтін компаниялар тегістеу керек. Бұл біздің құзырымыздағы міндет емес.

Жалпы, Петропавл жолдарындағы шұрық-тесіктер 2018 жылдан бері жөнделмей келеді. Билік өкілдері бұны мердігердің жауапсыздығымен түсіндірді. Былтыр тендерді ұтып алған кәсіпорын міндетін орындамағанын айтады. Әкімдік олармен соттасып, бөлінген қаражатты тек күз мезгілінде ғана қайтарып алдық деді. Тозған жолды қалпына келтіру үшін биыл қаражатты арттырыпты.

Дулат ШӘРІПОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ ТҮКШ БӨЛІМІ КӨЛІК ЖОЛДАРЫ СЕКТОРЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:


Біз ылғи жұмысты мамыр айының аяғында бастайтынбыз. Биыл бір ай ерте қолға алдық. 27 көшеде шұңқырларды тегістеу және екі көшеде орташа жөндеу жұмысын жүргізу жоспарда бар. Бұл мақсатқа шамамен 1 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді, оның 50 миллионы шұңқырларды жөндеуге арналған. Ал кәріз құдықтарын коммуналдық кәсіпорындар тегістейді.


Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:


Сөйтіп, әкімдік жаздың аяғына дейін жолдар тақтайдай тегіс болады, дейді. Ал құдықтарды көтеру ісін шенеуніктер коммуналдық кәсіпорындардың мойнына іліп қойды. Бұл жұмыс тарифке еш әсер етпейді деп сендіреді олар.

А. Құрманкин