Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Қарағандыда тапа-тал түсте атысқан бұзақылар іздестіріліп жатыр

AstanaTV
09.06.2020ж. 20:00
2519
Қарағандыда тапа-тал түсте атысқан бұзақылар іздестіріліп жатыр

Қарағандыда көпқабатты элиталық үйдің автотұрағында тапа тал түсте атыс болды. Полиция бұзақыларды «құрықтау операциясына» кірісті. Автотұрақтағы екі адамға бірнеше рет оқ атып, жарақаттап қашып кеткендер әлі ұсталған жоқ.  Ал аяқтарына оқ тиген екі жігітті дәрігерлер отаға дайындап жатыр. Оқиға орнынан Айжан Қуаш баяндайды.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Атыс бүгін түскі сағат 2-лер шамасында дәл осы «GREEN CITY» тұрғын үй кешенінің ауласында болды. Дәлірек айтсақ көлік тұрағына бірнеше машина тоқтай қалып, олардан шыққан бұзақылар алдымен өзара айқаласқан. Кейін біреуі қарсыластарына үш рет оқ атқан. Енді біреулері пышақ ала жүгірген. Екі адамның жарақаттанғанын көрген соң, оқиға орнына қашып кетіпті.


Аяқтарына оқ тиген екі адам облыстық травматология орталығына жеткізілді. Оларға дәрігерлерді куәгерлер шақырған. Жарақаттанғандардың жасы 28-бен, 29- да. Жағдайлары орташа ауыр. Дәрігерлер науқастарды отаға дайындап жатыр.
 
Ерік ШОНБАЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ТРАВМАТОЛОГИЯ ҚЫЗМЕТІ АХУАЛДЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Бір науқастың екі тізесіне, екіншісінің бір тізесіне оқ тиген. Естерін біледі. Оларды ота жасауға дайындап жатырмыз. Әрине арықарай сауығып кетулері ағзаға байланысты.

Оқиғаға көп қабатты үйде орналасқан кеңсенің қызметкерлері куә болған. Бірақ олар жағдайды егжей-тегжей  баяндауға құлықсыз. Біреулері ер адамдар көлік тұрағындағы орынға таласты десе, енді бірі бұрыннан араздығы бар деді. Болған жағдай ауладағы бейне бақылау камерасына жазылған. Полиция бұл деректерді әлі зерттеп үлгермегендерін айтты.

Жанатай СЕМБЕКОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Аталған факт бойынша ҚК- ТІҢ 293 бабы 3- інші тармағы, яғни» қару қолдану арқылы бұзақылық жасау» бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қылмысты ашы күдіктілерді ұстау бойынша облыстық ішкі істер органдарының барлық жеке құрамына бағыттама берілді. Тергеу амалдары жалғасуда. 

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Полиция жарақаттанған екі куәгерден түсініктеме алғанымен тергеу құпиясын алға тартып күдіктілер ұсталғанша еш ақпарат бермейтіндерін айтты. Бұзақылар жан- жақты іздестіріліп жатыр. Тіпті полиция қалада «арнайы құрықтау операциясына» кіріскен.

А. Қуаш