$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Жамбыл облысында екі әйелді аяусыз айуандықпен ажал құштырған қаныпезер әлі іздестіріліп жатыр

AstanaTV
12.06.2020ж. 20:00
2979
Жамбыл облысында екі әйелді аяусыз айуандықпен ажал құштырған қаныпезер әлі іздестіріліп жатыр

Жамбыл облысында екі әйелді айуандықпен өлтірген қаныпезер әлі ұсталған жоқ. Кісі қолынан қаза тапқандардың бірінің қызы, қанды қылмысқа жергілікті учаскелік полицияның қатысы болуы мүмкін екенін айтты. Тіпті қылмыс ашылмай жатып, жабылып қалама деп қорқатынын да жасырмайды. Осыдан бір ай бұрын шаруа қожалықта болған қылмысқа қатысты, жаңа деректер келесі бейнематериалда. 

Бұл - Зевера Бакенова. Анасын малшы өлтірді дегенге сенбейді. Мәйіт Мамай ауылының маңындағы шаруа қожалықта табылған еді. "Қос әйелді жалғыз адам азаптап өлтіруі мүмкін емес. Тіпті қылмыс басқа жерде жасалып, барлық кінәні өзбек азаматына жабу үшін, мәйіттерді осында әкеліп жасырған" деп отыр. Өйткені сарапшылар көрсеткен суреттерден қан іздерін көрмепті. 

Зевара БАКЕНОВА, МАРҚҰМ ГАУХАР БАКЕНОВАНЫҢ ҚЫЗЫ:

Қан дала болуы керек қой мына жер. Ешқандай қан ізі жоқ. Денесінің сау тамтығы жоқ. Саусақтарының мына жерлерін былай пышақпен азаптай берген. Тірідей азаптаған деп ойлаймыз. Азаптап-азаптап келіп, басын балтамен шауып өлтірген.

Зевара іс бұрмаланып жатыр дейді. Тіпті қылмыс ашылмай жатып, жабылып қалама деп қорқады. Себебі, тергеушілер түрлі сылтаулар айтып маңына жолатпайтынын айтты. Қызы анасымен телефон арқылы тілдескенде "бастығымыз - полиция қызметкері, еш алаңдама" деп айтқан еді деп отыр.

Зевара БАКЕНОВА, МАРҚҰМ ГАУХАР БАКЕНОВАНЫҢ ҚЫЗЫ:

Осы іс бұрмаланып кетіп жатыр басқа жаққа қарай. Біздің білуіміз бойынша басқа нәрсе, ал уческовый, инспекторлардың айтуы басқа нәрсе. Бұл қожалықтың иесі осы Мамайдың учаскелік полицейі деп естідім. Және де ол өз еркімен жұмыстан шығып кеткен.

Қылмыс болған қожалық иесінің Мамайдың учаскелік полицейі екенін көрші шаруа қожалықтағы малшы да растады. Қазір малдарын алып басқа жерге көшіп кетті дейді. Ал полиция бұған қатысты ақпарат бермеді. Тек күдікті деп танылған Өзбекстан азаматы әлі іздестіріліп жатқанын ғана жеткізді.

Гүлсара МҰҚТАРҚҰЛОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Аталған дерек бойынша Қылмыстық Кодекстің 99-бабы 2- бөлігі 1-ші тармағы (Кісі өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Істің толық мән-жайы тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.

Іздеуде жүрген 54 жастағы Өзбекстан азаматы Ділмұрат Нармұратовқа іздеу жұмыстарына ұлттық қауіпсіздік қызметінің шекаралық жасағы да жұмылдырылыпты.

Б. Жұмабайұлы