$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Нұр-Сұлтан іргесіндегі Раздольное ауылы жаңа мектепке мұқтаж

AstanaTV
12.06.2020ж. 20:00
3836
Нұр-Сұлтан іргесіндегі Раздольное ауылы жаңа мектепке мұқтаж

Нұр-Сұлтанның іргесіндегі ауыл, мектепке жарымай келеді. Раздольное ауылында бастауыш сыныпқа арналған білім ордасы ғана бар. 3 бөлмелі мектептің бүгін қабырғалары құлауға шақ тұр. Елді-мекенге 2017 жылы жаңа мектеп салу үшін сметалық құжаттама әзірленсе де, білім ордасының қазығы әлі қағылмаған. Халық жергілікті шенділердің салғырттығына шағымданады. Кетеуі кеткен лашық мектеп жайлы әріптесім Ғалымжан Өтемісов айтып береді.

Ауылдағы мектептің қазіргі сұлбасы адам шошырлық. Қабырғалары қақырап тұрғанына жылдар өтіпті. Әжетхананың да сыйқы қорқынышты. Ауылдағы ата-ана баланың қамы үшін жергілікті аудан әкімінінен бастап, облыс әкіміне де дейін хат жазған.

Серікгүл АСҚАРОВА, РАЗДОЛЬНОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Астанадан 25 шақырым жерде осындай состояниядағы мектеп бар десең, ешкім сенбейді. 3-ақ кабинет - үй. Ешқандай условия жоқ. Бұған дейін де ата-аналар бұл мәселені көтерген екен. Сол кезде айтыпты мектептеріңізді керек болса жауып тастаймыз. Автобус береміз көрші ауылға қатынайсыздар, 1-ші сынып па, басқама шаруамыз жоқ деген екен.

Мектептің жабылуына халық қарсы. Себебі балалары әлі өздігінен емін-еркін жүріп тұра аламайды. Сондықтан лашық болса да, осында оқытуға мәжбүр екендерін айтады. 

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:

Бұл мектеп Кеңес заманында салынған. Бүгінде 30-ға жуық бала бастауыш сыныпта білім алады. Ата-аналар балаларын мектепке жіберуге қорқамыз деп отыр. Себебі, мектеп апатты жағдайда. Балалар тіпті 3 ауысыммен оқитын көрінеді.

Ауылдықтар қол жинап, аудан әкімдігінен көмек сұрапты. Есесіне алған жауаптары мынадай:

Алтыншаш АСҚАРОВА, РАЗДОЛЬНОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Былтыр ғана 19-шы жылдары бізге өздері келіп айтты. Міне құжаттар дайын. Өзеннің жағасынан жер бөлінді деді. Ал ол жерге әлі ештеңе салған жоқ.


Ауыл әкімі де тұрғындармен кездесті. Айтуынша, 80 орындық жаңа мектептің құжаттары дайын, тек облыстан қаражат бөлінсе болғаны. Ол мектеп құрылысы қашан басталатынын ашып айтпады.

Сейфолла ЫСҚАҚОВ, НҰРЕСІЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Жаңа мектеп салу бойынша сметалық құжаттар әзір. Мемлекеттік экспертизадан өткен. 515 миллион 208 мың теңге қаражат күтіп отырмыз. Бюджетті бөлу менің құзырымда болмағандықтан нақты айта алмаймын.


Мектеп құрылысына қатысты Целиноград аудандық білім бөлімі басшылары да әкімнің сөзін растады. Ауыл ішінен 9 сыныпқа арналған 80 орындық мектеп салынады деп отыр. Тек, жылдар бойы оқушылардың ғана емес, ата-ана арманына айналған мектеп қашан салынары әзір белгісіз.

Ғ. Өтемісов