$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Билік басындағы бір жыл. Қ. Тоқаев елде нені өзгертті?

AstanaTV
12.06.2020ж. 20:00
3183
Билік басындағы бір жыл. Қ. Тоқаев елде нені өзгертті?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми түрде ел тізгінін қолына алғанына бүгін жыл толды. Мемлекет басшысы осы аралықта сайлауАлды бағдарламасында көрсеткен іргелі істерін іске асырып та үлгерген. Алайда, Президенттік мансабы талай "тар жол, тайғақ кешумен" өрілді. Қасым-Жомарт Кемелұлы сынақтың әрбірінен қайыспай, абыроймен өтіп келеді. Әріптесім Айя Мүтәлі мемлекет басшысының атқарған ірі істері жайлы баяндап береді.

Міне, Қасым-Жомарт Тоқаевтің халық алдында ант беріп, Президенттік қызметіне кіріскелі тұп-тура бір жыл болды. Осы кезде әлемдік саясат сахнасындағы жас көшбасшының атқаруға тиіс міндеттері де шаш етектен еді. Алайда, жаңа Президентті әлеуметтік-экономикалық міндеттер ғана емес, ауыр сынақ та күткен екен. Араға 2 жұма салып, Айдың-Күннің аманында Арыста жойқын жарылыс болды. Сын сәтте көңілі алаң халықтың жағдайын мемлекет басшысы өзі барып көріп қайтты. Осы сәт билікке деген кқптің сенімін мығымдады.   
 
Президент уәде еткендей жаңа үйлер салынды, қала еңсесін қайта тіктеді. Ел бойынша 7 миллиард теңге қаржы жиналды. Араға алты ай салып, тағы бір сынақ алдан шықты. 13 жолаушысы опат болған ұшақ апаты кезінде де Президенті шұғыл әрекет жасады. Қаза болғандардың отбасына 4 млн теңгеден қаржылай көмек көрсетті. Жалпыұлттық аза тұту күнін жариялады.
 
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан халқының және өзімнің атымнан қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтамын. Бұл мәселемен Үкімет айналысады.


Мемлекет басшысы Мақтаралдық ағайынға да көмек қолын созды. Ауданға келген шығынды көрші Өзбекстан мемлекетімен бірлесіп шешу туралы шешім шығарды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ ТВИТТЕР ПАРАҚШАСЫНАН:

Түркістан облысы Мақтаарал ауданының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындары жаңа немесе жөндеуден өткен баспанамен қамтамасыз етіледі. Олардың әрқайсысына республикалық бюджеттен 100 мың теңге беріледі. Жағдай бақылауда.


Қасым-Жомарт Тоқаев әлемді әлекке салған коронавируспен күресте де жылдам, әрі дұрыс шешімдер қабылдай алды. Дағдарыс кезінде бизнесті қолдау үшін 6 триллион теңге бөлді. Кәсіпкерлерге салықтық жеңілдік жасап, несиелерін кейінге шегерді. 4,5 миллион адам қаржылай көмекке ие болды. Сарапшылар да Президенттің инфекциямен күресте жасаған әрбір қадамын жоғары бағалайды.

Алуа ЖОЛДЫБАЛИНА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ ӘЛЕУМЕТТІК-САЯСИ ЗЕРТТЕУЛЕР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

COVID-19 бүкіл саяси жүйе мен мемлекеттік басқару үшін ауыр соққы болғаны анық. Қазақстан дер кезінде шара қабылдады. Шетелдегі азаматтарымызды елге қайтару бойынша жұмыстар жүргізілді. Дәл уақытында үйде оқшауландық. Бұл Сыртқы Істер министрлігі мен Президенттің үлкен жұмысы.

Бұдан бөлек, әлеуметтік мәселелерде мемлекет басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Бір жыл ішінде мұғалімдердің жалақысын 25 пайызға көтерді. 7 мың 400-дей көп балалы отбасы баспаналы болды. Студенттер, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы да 25 пайызға өсті.

А. Мүтәлі