Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Денсаулық сақтау министрімен байланыста болғандар жаппай коронавирусқа тест тапсырып жатыр

AstanaTV
15.06.2020ж. 20:00
1909
Денсаулық сақтау министрімен байланыста болғандар жаппай коронавирусқа тест тапсырып жатыр

Денсаулық сақтау министрімен байланыста болғандар жаппай Ковид-19-ға тест тапсырып жатыр. Олардың арасында Премьер-министр Асқар Мамин мен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те бар. Ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігі растады. Елдегі жағдайды әріптесім Асылбек Данияр тарқатады.

Елжан Біртановпен байланыста болған министрлер қауіпті індетке тест тапсыруды бастады. Үкімет басшысы Асқар Мамин мен министр Асхат Аймағанбетовтің сараптамасы теріс нәтиже көрсетіпті. Ал қалған билік өкілдері өздерін оқшаулаға кіріскен.  Айтпақшы, елдің бас дәрігері ауруханаға вирустың симптомды түрімен түскен.

Елжан БІРТАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Коронавируске тапсырған соңғы тесттің нәтижесі нашар шықты, менен де ауру анықталды. Өкінішке қарай, мендегі симптомсыз форма емес, сондықтан жұқпалы аурулар ауруханасында жатырмын. Барша қазақстандықтан карантин ережелерін қатаң сақтауды сұраймын. Егер әлсіздік, басыңыз, тамағыңыз ауырса, дене қызуы көтерілген жағдайда дереу дәрігерге хабарласыңыз.

Алматыда індетті жұқтырғандардың басым бөлігі жастар. Шаһардың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин осыны жеткізді. Осыған орай, қалада карантин шаралары күшейтілмек.

Қамалжан НАДЫРОВ, АЛМАТЫ қ. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫ:

Ауруханаға жатқызылғандардың бесеуі ауыр халде, 62 науқаста дәрігерлердің қатаң бақылауында. Өкінішке орай, біз ауыр науқастардың өсу тенденциясын байқап отырмыз. Соңғы аптада олардың саны екі есе өсті.

Көкшетау қаласында аты жаман кеселден 2 науқас көз жұмды. Оның біреуі 43 жастағы ер адам. Облыстың бас санитарлық дәрігері: "Пациент медициналық көмекке уақытылы жүгінгенде, қайғылы жағдай болмас еді", - дейді. Ол 4 күн өзін-өзі емдеген. Дене қызуы 41,3 градусқа көтерілген кезде ғана дәрігерлер хабарласқан деп отыр. Ал, екінші қайтыс болған 68 жастағы әйелдің баласы да вирус жұқтырыпты. 

Айнагүл МУСИНА, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАС САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕРІ:

Науқас әйел демікпеге шағымданып жедел жәрдем шақырған. Ауруханаға жеткізілгенде - жағдайы аса ауыр болғандықтан, бірден өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Реанимациялық шаралар нәтиже бермеді. Оның күйеуі де бірнеше күн бұрын көз жұмды, одан КВИ анықталмады. Ал Нұр-Сұлтаннан қонаққа келген ұлының хәлі мүшкіл, жансақтау бөлімінде жатыр.


Жалпы, республика бойынша пандемияны 14800-ден аса адам жұқтырған. Одан бөлек, коронавирустың белгілері жоқ 4900-ге жуық тасмалдаушы тіркелді. Сондай-ақ елдің 11 аймағанда карантиндік шаралар күшейтілді. Ал әлем бойынша індетке 8 миллионнан астам адам шалдыққаны белгілі болды.

А. Данияр