Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Керосинге байланысты әңгімеден ...керосин шығып тұр. Авиаотын тапшылығы туа ма? Билет бағасы өсе ме?

AstanaTV
30.09.2017ж. 20:00
2936
Керосинге байланысты әңгімеден ...керосин шығып тұр. Авиаотын тапшылығы туа ма? Билет бағасы өсе ме?

Энергетика министрлігі «авиакеросин тапшылығы тууы мүмкін» деп, дабыл қаққан әуе тасымалдаушыларды ...онша түсінбейді. 15 күнге жететін керосин бар. Ресейдегі әріптестермен авиаотын импорты туралы күнде сөйлесіп отырмыз, - дейді вице-министр, артынша департамент басшысы. Шымкент мұнай өңдеу зауыты айына қосымша 10-12 мың тонна беретінін қосады. Олардың ойынша, алаңдайтындай ешнәрсе жоқ, бір сөзбен айтқанда. Алайда. Алайда біз авиакомпаниялардың ақпарат құралдарына бекерге информация тастамағандарын білеміз. Және ұлттық әуе тасымалдаушы Эйр Астана басшысы Фостер мырза аңғал адам емес ғой. «Керосин аз қалды, жұртты ескертейік» деп, хабарлама тарата салатын.

Мәселені талдай келе, ең басты проблема мынау екенін ұқтық – біздің авиакеросиннің  60-70 пайызын сырттан таситынымыз және негізінен Ресей импортына тәуелділігіміз.  Халықаралық әуе транспорты ассоциациясының Қазақстандағы аймақтық менеджері Джордан Карамалаков біраз дүниенің бетін ашты, тыңдайық:

Джордан Карамалаков, Халықаралық әуе транспорты ассоциациясының Қазақстандағы аймақтық менеджері:

Осы мәселенің айтылуы жалпы алаңдауға негіз бар ма, себебі неде дегенге үңілуге итермелейді. Мемлекет авиаотынның 60-70 пайызын сырттан тасымалдайды екен, ал егер, авиаотын келмей қалса ше? Авиаиндустрияға не болады? Оның үстіне керосин сіздерде тек бір-ақ елден дерлік тасылады. Көптеген елде пайдаланатын Джет А 1 стандарты Қазақстанда бекітілмеген. Және отынды сол стандарт бойынша қабылдауға дайындық та жоқ. Ал отын тасып отырған ел көптеген себепке байланысты қажетті мөлшерді жеткізе алмаса, ел, яғни бұл жағдайда Қазақстан экстраординарлық жағдайда қалады.

Соңғы уақытта Ресейде әуе тасымалы артып, тиісінше, керосинге ұсыныс өздерінде өсті. Олар саясатты біледі, «өзімізге жетпей жатыр» деп шорт кесе қоймады, бірақ олардың тым сыпайы еместігі де белгілі. Енді мәселенің екінші жағы – баға. Сарапшының айтуынша, біздің елімізде авикеросин тым қымбат. Тіпті шетелдік авиакомпанияларға үстемеленген бағамен сатылады екен. Бұл әрине, билет құнына әсер етеді.

Баға орта еуропалық деңгейден де жоғары. Тіпті Қырғызстан мен Ресей федерациясынан.

Ал зауыттардан тікелей алу... біріншіден, біздің зауыттар:

Сергей  Смирнов, сарапшы:

Қазақстанда 200 мың тонна авиакеросин өндіріледі. Ал қажеттілік 600 мың тоннаны құрайды. Тапшылық 2 жарым, 3 есеге дейін. Жылдың басында әуе компаниялары зауыттардан шығатын отынды бөлудің мөлдір еместігін айтып, шағымданған. Ал әуежайлардағы баға өте қымбат. 20-30 пайызға дейін. Зауыттарды модернизациясына келсек, Павлодар зауыты бірнеше жыл болды, авикеросин шығармайды. Шымкенттегі зауыт екі есеге дейін азайтқан.

Екіншіден, бізде мұнай өнімдері саласында авиакеросин ғана емес, жалпы бағаның қалай қалыптасатыны, ондағы ойыншылар  - ешкім білмейтін нарық. Көлеңкедегі нарық.

Сергей  Смирнов, сарапшы:

Бізде бағаның қалай қалыптасатыны түсініксіз. Оны ресурсты ұстап отырғандар, ресурс қожайындары белгілейді. Зауыттан шыққан өнімдерге де қожалық ететін солар. Бағаның қалай құралатыны соларға ғана белгілі. 

Авиация саласының сарапшысы да нарықты шын ырықтандырмай, мәселе қордалана беретінін айтты. Әлемде кез-келген тауар сияқты, авиаотынның да  биржалық бағасы бар. Соған тасу, сақтау және ұшаққа құю қызметтерін қосу керек, болды, деп қояды. Керосинді сақтау мен ұшаққа құю қызметтері әуежайлардың монополиясында. Олар мөлдір тариф ұсынбай қалыпты. 

Джордан Карамалаков, Халықаралық әуе транспорты ассоциациясының Қазақстандағы аймақтық менеджері:

Бағаның формуласы мөлдір болған жағдайда, бірдей баға ұстап отыратын қызмет ұсынушылар емес,бәсекелі жағдайда іріктеліп шыққан қызмет ұсынушылар болған жағдайда отын бағасы түседі. 

Иә, иә, мына жағдайдан кейін билет әрине, өседі.

Джордан Карамалаков, Халықаралық әуе транспорты ассоциациясының Қазақстандағы аймақтық менеджері:

Аэропорт өсімдері артып, авикеросин бағасы өссе, билет бағасы әрине, өседі, ол сөзсіз.

Мұнай өндіретін ел бола тұра, мұнай өнімдерін, оның ішінде керосинді сырттан және негізінен Ресейден таситынымыз, мұнай өнімдері бағасының қалай құралатыны сарапшылардың өзіне түсініксіздігі және мұнай өңдейтін зауыттардың ішкі нарықты неге қамтамасыз ете алмайтыны,«мына жылдан 80 пайызға дейін өзімізді-өзіміз қамтамасыз етеміз» деген мәлімдемелердің қайта-қайта кейінге ысырылатыны шын, ығырды шығарған жағдайлар... Онсыз да арзан емес авиабилеттердің тағы шарықтайтыны «самолет, самолет, мені өзіңмен ала кет» деп жүгірген совет балаларын көз алдыңа елестетіп, күрсіндіреді...