Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / "Nur otan" жақтастарының Лигасы" жаңа саяси қозғалысы құрылды

"Nur otan" жақтастарының Лигасы" жаңа саяси қозғалысы құрылды

"Nur Otan" жақтастарының Лигасы" жаңа саяси қозғалысы құрылды. Бұл туралы бүгін Еуразиялық интеграция институтының директоры әрі қозғалыстың бастамашысы Ерлан Сайыров мәлімдеді. Оның сөзінше, лига мүшелері партиялық праймериз өткізудің ашықтығын бақылап, елдегі өзге де көкейтесті мәселелердің шешу жолдарын ұсынады. 

«Nur Otan» жақтастары лигасының мүшелері ел азаматтарымен диалог құра отырып, елде жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешуде сеп болмақ. Саясаттанушы Ерлан Сайыровтің пікірінше, ел аумағында күрмеуі күрделі мәселе шаш етектен. Халықтың 19 пайызы кедейліктің кебін киіп жүр. Ал бұл өз кезегінде мемлекетке аса ауыр салмақ салады, дейді.  

Ерлан САЙЫРОВ, ЕУРАЗИЯЛЫҚ ИНТЕГРАЦИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Жұмыссыздыққа қатысты да өте үлкен проблема бар. Елімізде 2,1 млн адам өзін-өзі жұмыспен қамтыса, 400 мыңнан астам адам ресми түрде жұмыссыз саналады. Еңбекке қабілетті халықтың 30 %-дан астамы еліміздегі ресми және әлеуметтік еңбек процестерінен тысқары қалып отыр.

Лига мүшелері түйіткілдің түйінің тарқату үшін арнайы жоспар да құрып қойған. Өңір-өңірді аралап, шалғай ауылдардың проблемаларын өз көздерімен көріп қайтпақ. Ал бұл жұмыстардың негізі - партиялық құрамды дұрыс жасақтау болып тұр. Сондықтан, тәуелсіз сарапшылардан құралған топ ең алдымен, праймериз өткізудің ашықтығына көз жеткізіп алмақ.

Мұрат ӘБЕНОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ СЕНІМ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

Біз осы жерде жақсы шешім жасағанымен де, орталықтан. Облысқа, ауданға барғанда ол әкімдер қайттан өз адамдарын тықпаштап, сөйтуі мүмкін. Біз осыны қоғамдық бақылауға алайық. Партиялық праймериз таза өтетін болсын! Мен партияға түскім келді. Бірақ маған кедергі жасады дейтіндеріңіз болса, бізге айтуларыңызға болады.

Жақтастар лигасын партия қаржыландырмайды. Әзірге оның құрамында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері Ерлан Сайыров, Мұрат Әбенов, саясаттанушы Эдауард Полетаев, блогер Бибигүл Дәулетбекқызы сияқты бір топ белсенділер бар. Олар Лигаға жаңа жақтастар қабылдауға да әзір. Ол үшін «проблеманың себебін және шешу жолын білетін» азамат болса болағаны, - дейді.

А. Мүтәлі