Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

АҚШ пен Еуропада пандемияның екінші толқыны күтілуде

AstanaTV
03.07.2020ж. 20:00
3359
АҚШ пен Еуропада пандемияның екінші толқыны күтілуде

Әлем әбігерге түсті. Енді коронавирус пандемиясының екінші толқыны күтілуде. Бірқатар мемлекет індеттің жаппай таралуын болдырмас үшін қайтадан карантин енгізді. Әсіресе, Оңтүстік Корея билігі вирустың дендеп кетуінен қатты алаңдап отыр. Соңғы бірнеше тәуліктің өзінде Кванджу қаласында 50-ден астам науқас тіркелген. Бүгінде мұнда COVID-19-ға шалдыққандар 13 мыңнан асып жығылады. 

Ким КАНГ-ЛИП, ОҢТҮСТІК КОРЕЯНЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Қаладағы коронавирус жағдайларының саны өсіп келе жатқанынан қауіптеніп отырмыз. Елге шетелден келетін азаматтарды бақылауды күшейту қажет.


Ал Мексикада жағдай мүлде ушықты. Олар өлім саны бойынша Испанияны қуып жетіп отыр. Қытайлық індеттен мұнда 28 мың 500 адам көз жұмған. Ал вирус жұқтырғандардың жалпы саны 230 мыңға жуықтайды.

Уго ЛОПЕС-ГАТЕЛ, МЕКСИКА ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Мексикада 128 миллион адам тұрады. Біз азаматтардың барлығынан тест сынамасын алуымыз керек. Бірақ бұл физикалық тұрғыда мүмкін емес. Індет өте тез таралуда. Сондықтан жағдай бақылаудан шығып кетті.

АҚШ эпидемиологтары билікті кеш болмай тұрғанда шұғыл шаралар қабылдауға шақырды. Бүгін Америка COVID-19 жұқтыру бойынша рекорд жаңартып отыр. Бір күнде 52 мың жағдай тіркелген. Әсіресе Техас, Флорида және Калифорниядағы жағдай нашар. Бірнеше ай бойы дамыл таппаған медбикелердің өзі наразылық акциясына шығып, бас көтерді.

Терна СОЙЕР, МЕДБИКЕ:

Бұл өте қиын жағдай. Біз тек өзіміз үшін ғана емес, жақындарымыз бен науқастарға алаңдап отырмыз. Сапалы әрі қауіпсіз медицинамен қамту биліктің басты міндеті. Сондықтан құқығымыз қорғалғанын қалаймын. Азаматтар өзін қауіпсіз сезінуі керек.

Аманда ХАДДИКС, МЕДБИКЕ:

Бірнеше апта бойы дұрыс тамақтанбай жүрміз. 3 ауысыммен сағаттап жұмыс істеу өте қиын.  Әрине науқастарды және өз мамандығымды өте жақсы көремін. Алайда жағдай тым қиындап кетті.

АҚШ сарапшылары егер шұғыл әрекеттер қабылданбаса, індет жұқтырушылар екі есе артуы мүмкін,-дейді. Қазір Америкада 2,7 млн адам COVID-19-бен ауырады. Еуропаның да жағдайы мәз емес. Сербия қайтадан карантин енгізді. Ал Италия американдық туристерге елге кіруге тыйым салды.

Әлем коронавируспен әлек болып жатса, Чехия індетті жеңгенін ресми хабарлады.  Прага тұрғындары атақты Карл көпірінде ерекше мереке ұйымдастырды. 500 метрлік дастархан жайылып, жұрт бір-біріне тамақ ұсынды. Ұйымдастырушылар күрделі кезеңмен осылай қоштасқанын жеткізді.

Ғ.Өтемісов