Маңғыстау облысында пневмониямен ауыратын науқастарға арналған екі провизорлық станционар ашылды. Енді науқастарды қосымша 80 адамдық төсек-орынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік туды. Правизорлық станционарлардың бірі Мұнайлы ауданында ашылды. Мұнда 40 орын қарастырылыпты. Стационар жергілікті дәрігерлік амбулатория базасында бөлінген. Оған Мұнайлы ауданынан емделушілер келіп түседі. Дәрігерлердің айтуынша, мұндағы науқастардың жағдайы тұрақты. Оларға төрт дәрігер мен алты медбике қызмет көрсетеді.
Кеңес АЙТЫМОВ, ТЕРАПЕВТ:
Реанимациялық орталық жоқ. Сондықтан жағдайы орташа науқастарды осында қабылдаймыз. Қазіргі таңда іште 27 науқас жатыр. Барлығы пневмонияға шалдыққан. Кислород, дәрі барлығы жеткілікті. Олардың жағдайын жіті бақылап отырмыз.
Ал Қарақиядағы стационар ірі мұнай компаниясы жатақханасының ғимаратында ашылды. Мұнда да 40 орын бар. Емханада емделіп жатқан адам көп. Солардың бірі Мейрам Қыдырқожа. Қызуы көтерілген ол дереу дәрігер көмегіне жүгінген. Қазір жағдайы қалыпқа келіпті.
Мейрам ҚЫДЫРҚОЖА, ЕМДЕЛУШІ:
Осында бейсенбі күні түстім. Ақ халатты абзал жандар барлық көмекті көрсетіп жатыр. Дәрі-дәрмектерін беріп. Жақсы енді... Бір ыңғайлысы ауыл маңынан осындай правизор ашылғаны ыңғайлы болды.
Ақерке АҚЫБАЕВА, ДӘРІГЕР:
Бұл жерде барлық науқасқа қажетті жағдай жасалған. Әр палатада жуынатын бөлме, душ бар. Қазіргі уақытта тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау ең басты назарда. Ауыр науқастармен де тығыз жұмыс істейміз. Оларды көріп жүрегіміз ауырады. Бәрі тез аяқталса екен.
Еске сала кетейік, Маңғыстау облысында коронавирус пен пневмонияға шалдыққан науқастарды қабылдау үшін 860 орын қарастырылған.
Ғ.Өтемісов