Кеңес заманынан қалған ескі құбыр екі шаруаны араздастырды. Дау екі ауылдың ортасындағы егістікте жатқан кәріздік құбырдан басталған. Бұл алқап диқан Владимир Шамшинге тиесілі. Ол, жерінде жатқан құбырды қазып алуға өзі рұқсат берген. Бірақ уәде бойынша, ол диқанның шығынын өтеуі керек еді. Құбыр алынды. Алайда, қаражат төленбеді.
Владимир ШАМШИН, ДИҚАН:
Келісім бойынша, қазылған жерді ол қайта қалпына келтіруі керек еді. Екі рет ескерттім. Қылышбайдың өзі болған жоқ. Ұлы телефон арқылы сөйлестірді. «Еш алаңдама, әзірге қаражатым жетпей жатыр. Кейін бәрін реттеймін», деп сендірді. Сөзінде тұрмады. Жер астан кестен болып жатыр.
Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:
Ескі құбырдан оңай олжа тапқан кәсіпкер елу гектарға жуық жердің астаң-кестеңін шығарған.Бұл аумақты қалыпқа келтіру үшін енді кем дегенде 3-4 жыл керек.Алқапқа астық дәнін сіңіре алмаған диқан 10 миллион теңгеге жуық табыстан қағылғанын айтады.
Құбырды қазып алған Болатбек Қылышбайдың заңгері болса шаруадан ресми құжат талап етіп отыр.
Ринат БӨРІБАЕВ, ЗАҢГЕР:
Әкімдік ордерді кері қайтарып алғандықтан, жерді қалыпқа келтіру немесе қазу жұмыстарын жүргізуге құқымыз жоқ. Шамшин 2 миллион теңге сұрады. Бұл сомма біз үшін өте қомақты. Облыс бойынша алатын болсақ орташа шығынның көлемі 600 мың теңге. Осындай сомманы төлей аламыз.
Болатбек Қылышбайдың, кәріздік құбырды қазып алуға заңды рұқсаты болған. Оны аудандық тұрғын-үй шаруашылық бөлімі растады. Бірақ ордер, егістік алқабын қазуға емес, елді-мекен аумағында жұмыс істеуге арналған. Шу шыққанда аудан атқамінерлері келісім-шартты шұғыл бұзып, ордерді қайтып алыпты.
Анатолий СТАРОДУБЦЕВ, АУДАНДЫҚ ТҰРҒЫН-ҮЙ ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Келісімге сәйкес ол қазған жер қабаттарын қайта қалпына келтіруі тиіс. Бұл жұмыстар орындалмаған. Осының негізінде келісім-шарт кері қайтарылды. Енді мәжбүрлі түрде құнарлы жерді қалпына келтіруі керек. Тиісті құжаттар дайындап жатырмыз.
Егістігі астан-кестен болып жатқан жалғыз Шамшин емес. Бірақ ол шаруалар осы істің артын бағып отырған сынайлы. Ескі құбырды қаздармай қойғандар да бар. Солардың бірі Аман Аянов.
Аман АЯНОВ, ДИҚАН:
Лицензиясы жоқ.Тек қана жердің астындағы құбырды алып жерді аздырып жіберу. Мына көршімнің жері енді ауыл шаруашылық егіндік жерінен шығып қалып отыр. Прокуратура тексере алмайды. Инспекция тексере алмайды. Жер қатынастары инспекциясы. Экология тексере алмайды. Ал мынау не істегісі келеді. Соны істеп жатыр.
Владимир Шамшиннің егістікпен айналысқанына елу жылдан асты. Бірақ мұндай бассыздықты шаруа бұрын көрмеген. Қопарылып жатқан жерін көргенде диқанның көзіне жас іркіледі. Болатбек Қылышбаймен енді ол "Сотта алысамын", деп отыр.
З. Санай