Қатаң карантин режимі елімізде тамыздың екісіне дейін ұзартылды. Мұны, Мемлекет басшысы күні кеше ғана айтқан. Бүгін, Үкіметтік комиссия тиісті шешім қабылдады.
Асқар МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Вирустың таралуы бойныша жағдай күрделі. ДСМ ұсынысы бойынша эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін елде шектеу шараларын тағы екі аптаға, 20-шы шілденен 2-ші тамызға дейін ұзарту туралы шешімді қабылдап отырмыз.
Қауіпсіздік мақсатында 1-11 сынып аралығындағы оқушылар І тоқсанды қашықтықтан оқиды. Екінші тоқсан қалай болатыны әзірге белгісіз. Ол елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты.
Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ:
Денсаулық сақтау министрлігі берген мәліметті қарайтын болсақ, қыркүйек, күз айларында жылда болатын ЖРВИ инфекциясы да таралады. Барлық мәселені қарастыра отырып, бүгін тиісті шешім қабылдадық. 1 қыркүйектен бастап еліміздегі барлық мектептер қашықтан оқу форматына көшеді.
Білім министрлігінің бұл шешімі қоғамда дау тудырды. Мысалға, мектеп табалдырығын енді аттаған бірінші сынып оқушысы үйде отырып әліппені қалай таниды? Бұған Аймағамбетовтың жауабы дайын.
Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ:
Қажет болған жағдайда бастауыш сынып оқушылары ата-аналарының жазбаша өтініштері бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, кезекші сыныптардың қызметін қамтамасыз етуді тапсырамын.
Студенттер де әзірге үйден шықпай білім алатын болды. Бұл қаладағы колледждерге қатысты. Ал, ауылдағы технкиалық және кәсіптік оқу орындары болса, қажеттілігіне қарай дәстүрлі білім беруді жалғастыра береді. Балабақша мәселесі бұлыңғыр. Бөбекжайлар жұмысы да эпидемиологиялық ахуалға байланысты.
Ә. Өмірзақ