Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектерге арналған шекті бағаны өзгертті

AstanaTV
16.07.2020ж. 20:00
2418
Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектерге арналған шекті бағаны өзгертті

Елде дәрі-дәрмек бағасы тұрақсыз. Алыпсатарлар сағат сайын ұсталып жатса да баға шарықтап барады. Әсіресе Алматыда.

Дәріхана табалдырығын тоздырған көп алматылықтың бірі Раушан Әлімгереева. Ол, дәрі бағасы қас-қағым сәтте өзгеріп жатқанын айтады. Құны құбылмалы дәрілер ішінде COVID түгіл тұмауға қатысы жоқ препараттар бар.

Раушан ӘЛІМГЕРЕЕВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұрындары 3000 теңгенің көлемінде алатын Сумамед қазір 6-7 мың. 120 теңгелік меновазиндердің өзін 200-250 бірақ шығарды, сұмдық қой бұл. 20 мың теңгемен аптекаға кіре алмайсың қазір.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Дәрі-дәрмектердің негізсіз қымбаттағанын мына кезекте тұрған жұрт та растап берді. Тұрғындар қаладағы ең ірі дәріханалардың өзі препараттарды қымбатқа сатуда дейді. Тіпті кей дәрілерге екі -үш есе баға қосылған деп отыр. Әйтсе де халық іздегендерінің табылғанына қуанады. Өйткені кейбір нүктелерден ең қажетті деген дәрілердің өзін таба алмаған.

Дәрі дефициті қаншалықты шындыққа жанасады? Бұл сұраққа жауапты біз дәріханалардан іздедік. Бірнешеуін әңгімеге тарттық. Камераны көрмеген фрмацевттердың кейбірі ағынан жарылды.

Айта кету керек. Денсаулық сақтау министірлігі дәрі нарығына араласқысы келді ақ. Бағаны ретсіз көтергендерді анықтауға тырысты. Тіпті, арнайы мобилді қосымша жасап шығарды.

Олжас ӘБІШЕВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Осы функционалды көмек арқылы азаматтар шағымын біліп отырамыз. Бағаны көтерген дәріханалар базасы жинақталды. Осы қосымша арқылы түскен шағымдарды Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті қарайды.

Дегенмен бағаны реттеу оңай емес. Бүгін, Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектердің шекті бағасын өзгертті. Бір шолып өттік. Мысалға, аскорбин қышқылы 65 теңге, ал инъекциялық ертінді - 367теңгеге өзгертіпті.  Азитромицин болса қымбаттаған. Ол енді, 1162 мен 4835 теңге аралығында тұрады. Бұл баға қашанға дейін өзгеріссіз тұрады екен? Мұны енді ертеңгі күн көрсетер.

Ә. Лесбек