Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қазақстанда коронавирустан рекордтық деңгейдегі өлім көрсеткіші тіркелді

AstanaTV
20.07.2020ж. 20:00
2992
Қазақстанда коронавирустан рекордтық деңгейдегі өлім көрсеткіші тіркелді

Қазақстанда коронавирустан рекордтық деңгейдегі өлім көрсеткіші тіркелді. Өткен аптада жұқпалы індеттің салдарынан 210 адам көз жұмды. Өлім нәтижелерін зерттеу жөніндегі комиссияның шешім осы. Жалпы, республика бойынша қайтыс болғандардың саны 585-ке жетіп отыр. Ең көп жағдай Нұр-Сұлтан қаласына тиесілі. Мұнда жеті күннің ішінде - 114 науқас бақилық болған. Сонымен, осы пандемия басталғалы COVID-19 кеселінен ел астанасының -195, Қарағанды облысының - 81, Алматы қаласының- 54, Түркістан облысының - 36 тұрғыны жан тапсырды. Мұнан соң Шымкент қаласы, Ақмола, Алматы тағы басқа облыстар бұл тізімді жалғастырады.

Аты жаман аурудан көз жұмғандарды жерлеу ережесіне бірнеше рет өзгеріс енгізіліп, ақыр соңында мәйіттерді бөліп жармай кез келген зиратқа жерлеуге рұқсат етілген-ді. Енді, Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері "белгісіз пневмониядан" қайтыс болғандарды басқаша жерлеуге шешім қабылдапты. 

Жандарбек БЕКШИН, АЛМАТЫ қ. БАС МЕМЛЕКЕТТІК САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕРІ:
 
Жаңа түзетулерге сәйкес, COVID-19-дан қайтыс болған немесе аурудың жұқпасы бар деп күдіктенген адамдарды сондай-ақ, белгісіз пневмониядан үйінде немесе медициналық ұйымдарда қайтыс болғандарды жерлеу рәсімі өзгертілсін. Мәйітті міндетті түрде тиісті процедураларды жүргізу үшін денсаулық сақтау басқармасының патологиялық бюросына жеткізілуі керек.


Bloomberg басылымының хабарлауынша, Ресейлік шенеуніктер коронавирустан қорғайтын екпеге сәуір айында қол жеткізген. Бұл вакцина жүздеген адамға пайеаланылған. Агенттікке сұхбат берген топ-менеджерлердің бірі түрлі жиындарға қатысып, екпе салдыртқанын айтқан. Оған жаңа екпенің кері әсері болмаған. Тікелей инвестициялар қоры басшысы 3 тамызда сынаманың 3-фазасы басталатынын жеткізді. Осылайша, Ресей вакцинаны қыркүйекте ұлттық деңгейде таратып, COVID-19 емін тапқан алғашқы ел болуға үміттеніп отыр.

Кирилл ДМИТРИЕВ, РЕСЕЙДІҢ ТІКЕЛЕЙ ИНВЕСТИЦИЯЛАР ҚОРЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:


Бұл жағдайда, бізде Эбола вакцинасы үшін өте тиімді платформа болды, оны аздап коронавирусқа қарсы қолдандық. Оның теріс әсерлері жоқ екендігі дәлелденді.


Дүниежүзінде коронавирусты жұқтырғандардың саны: 14 жарым миллионнан асты. 600 мыңнан астам адам кесел құрбаны болған. Әлемдік статистикада Қазақстан 29 орында. Министрліктің ұсынған дерегінше, өткен тәулікте 1500-дей адамнан індет анықталған. Ел бойынша ауырғандар саны 72 мыңға жақындады. 43 мыңнан астамы сауығып шыққан.

А. Данияр