Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Павлодар облысында малдың кесірінен болатын жол апаттары жиілеген

AstanaTV
22.07.2020ж. 20:00
2957
Павлодар облысында малдың кесірінен болатын жол апаттары жиілеген

Павлодар облысында бір топ жылқы жол апатына себепкер болды.  Түн ішінде қатты жылдамдықпен келген «Камаз» және «Hyundai Accent» көліктері малды қағып өткен. Осының салдарынан жеңіл көліктегі жүргізушісі ауруханаға жеткізілді. Зардап шегуші дене жарақатын алған. Оқиға бүгін «Қызылорда-Павлодар» тас жолының 1253 шақырымында болды. 

Алма МҰСАБЕКОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Тексеру кезінде малдың иесі табылды. Ол 33 жастағы Қоянды кентінің тұрғыны болып шықты. Оған қатысты ҚР Әкімшілік кодексінің 408 бабы бойынша іс қозғалып, 10 АЕК айыппұл салынды.

Жыл басынан бері тәртіп сақшылары иесіз жүрген 8 мыңнан астам малды айыптұрағына қамаған. Оның 4 мыңы қара мал, 1200-і жылқы болса, 3 мыңдайы қой-ешкі. Төрт түлігіне ие бола алмаған 130-дан астам адамға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынған.

Жасқайрат ҚАЙЫРОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Есіңізде болсын, мал жолдан қалай дұрыс өту керектігін білмейді. Ал сынған, қираған көлік үшін мал иесі жауапты. Сондықтан құрметті мал ұстаушы тұрғындар сіздерден төрт түліктеріңізді қараусыз қалдырмауларыңызды сұраймыз! Иесіз мал - адам өміріне қауіп төндіруі бек мүмкін.


Өңірде жан-жануардың кесірінен болатын жол апаттары жиілеген. Тәртіп сақшылары бұған малдарын жайылымға қараусыз жіберу фактілері себеп деп отыр. Сондықтан  иесіз мал ұрылардың да оңай олжасына айналуы мүмкін екенін ескертеді. Ал мал ұрлығы үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы қарастырылған.

Ө. Қуанар