Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Өткен жылы электронды үкімет жүйесіне бір миллиардқа жуық шабуыл жасалған

AstanaTV
27.09.2017ж. 20:00
3095
Өткен жылы электронды үкімет жүйесіне бір миллиардқа жуық шабуыл жасалған

Кибершабуыл қаупі секунд сайын төніп тұр. Тек өткен жылы электронды үкімет жүйесіне миллиардқа жуық шабуыл жасалған. Ал Қазақстан киберқауіпсіздігі әлсіз алдыңғы бес елдің қатарынан табылған. Бұл Астанада өткен үшінші халықаралық қауіпсіздік және азаматтық қорғаныс көрмесінде айтылды. Онда әлемнің 80-ге жуық компаниясы террорлық шабуылдың алдын алатын үздік жобаларын ұсынды. 

Елде террорлық қауіпті деп саналатын мыңдаған нысан бар. Олар адам көп шоғырланған жерлер. Соның 10 мыңдайын қауіпсіз деуге келмейді. 

Жанат Сайполдаев, Қазақстан антитеррорлық орталығының штаб басшысы:

Барлығына қатысты, ол мемлекеттік болсын, жеке меншік болсын бірінші кезекте өз нысандарындағы қауіпсіздік шараларын күшейтуге қызығушылық таныту керек.  Ол бірінші кезекте террорлық шабуыл бола қалған жағдайда, азаматтарды қорғай алатындай болуы тиіс.

Түнгі уақытта 5 шақырым қашықтықтағы адамның бет-жүзін анық көрсете алатын камералар, оқ өтпейтін терезе, көліктің мемлекеттік нөмірін танып өткізетін шлагбаумдар бүгінгі көрме сөресінен табылды. Алайда, күштік құрылымды алаңдатып отырған тағы бір проблема бар. Ол - кибершабуыл. Қазақстан жақында ғана төрткіл дүниені аяғынан тік тұрғызған WannaCry эпидемиясында қауіпсіздік жүйесі әлсіз алдыңғы 5 елдің қатарынан табылған.

Евгений Питолин, Орталық Азиядағы «Касперский» зертханасының басқарушы директоры: 

Біз ақпараттық қауіпсіздік төңірегінде зерттеулерді жиі-жиі өткізіп тұрамыз. Биыл талай шуға арқау болған WannaCry эпидемиясында да өз сараптамамызды жүргіздік. Менің ойымша, тіпті, болашақта хакерлер көбі сенімді деп жүрген криптовалюталық жүйені бұзып шығуға да қауқарлы болады. Себебі олар өте күшті. Оларға қарсы жұмыс ешқашан тоқтамауы тиіс.

Бұл пікірді Қорғаныс және аэроғарыш министрлігіне қарасты Ақпарат қауіпсіздігі комитеті төрағасының орынбасары да құптайды. Ол әлеуметтік желінің құпия сөзіне банктағы есепшот нөмірін еш ойланбастан енгізу - кибершабуылдарға жол беру дейді.

Руслан Әбдіқалықов, ҚР ҚжАӨМ ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары:

Өткен жылғы статистикада біз тек қана электронды үкімет жүйесіне миллиардқа жуық шабуыл жасалғанын көрдік. Бұл бір сәтке де тоқтаған емес. Бұл дамыл таппай жалғасып тұрады. Әрине, қарсы жұмыстар да жасалып жатыр. Бірақ кез келген секундта бірнәрсе өзгеруі мүмкін. Сондықтан оны ешқашан жеңу мүмкін емес, тек осылай қарсылық білдіріп отыра аламыз.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Жиынға әлемнің 12 елінен 80-нен астам компания технологиялық жобаларын ұсынды. Қазақстан тарапы болашақта осындай өнімдерді шығаратын отандық компанияларға көрсетілер қолдауды арттыру керек деп отыр.