Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Алматыға биыл күз ерте түсті

Алматыға биыл күз ерте түсті

Алматыға биыл күз ерте келді ме? Бұл - қала тұрғындарын алаңдатқан сауал. Өйткені шаһардағы жапырақтар ерте сарғайып жатыр. Қалаға көрік беретін жасыл желектер жаз аяқталмай солып қалған. Мұны аңғарған мамандар түрлі болжам жасап та үлгерді. Экологтардың айтуынша, осы жылы жаңа отырғызылған қылқан жапырақты ағаштардың өзі ерте қурап қалған.

Тимур ЕЛЕУСІЗОВ, ЭКОЛОГ:

Жапырақтардың ерте сарғаюының себебі көп. Біріншіден ылғалдың болмауы. Шілде айында қаламызда мардымды жауын болмады, оның үстіне қаладағы ағаштар уақытылы суарылмады. Екіншіден топырақтың қопсытылмауы, тыңайтылмауы, оның да әсері бар.

Сондай-ақ мамандар көшелерді абаттандыру кезінде, тротуарлар мен арықтарды жөндегенде де ағаштарға зақым келеді дейді. Цемент сұйықтықтары өсімдіктердің тамырына зиянын тигізеді екен. Тіпті тұз ерітіннділері де зиянды деп отыр. 

Тимур ЕЛЕУСІЗОВ, ЭКОЛОГ:

Негізі қыс айларында тұрғындардың қауіпсіздігі үшін тротуарларға түрлі антиреагенттер, тұзды ерітінділер қолданылады. Олар көктемде және жазда жуылып, ағаштың тамырларына енеді. Соның салдарынан жапырақтар ерте солып, қурай бастайды.

Мамандардың пікірін қала тұрғындары да жоққа шығармады. Олар қылқан жапырақты ағаштардың жаз бітпей сарғайып, көгалды жердің қурағанына таңданыстарын жасырмайды. Көпшілігі індетке байланысты жасалынып жатқан дезинфекциялық жұмыстардың әсерінен болуы мүмкін деген болжам айтты. 

БЛИЦ:

- Жапырақтардың ерте сарғайып жатқандығы менің ойымша залалсыздандырудың себебі. Судың тапшылығынан осындай сарғайып жатыр деп мен айта алмаймын.

- Биыл ауа-райы қатты ыстық та емес қой. Мен ойлаймын бұл қаламызды инфекция мен вирустан тазарту үшін жасалған дезинфекциялық сұйықтықтан болды деп. Өйткені биыл ерте, әрі ерекше сарғайып кетті ғой.

- Шынымды айтсам білмеймін неден болғанын. Дезинфекция осыншалықты әрес ете ме?


Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Әйтсе де табиғат жанашырлары, атқамінерлер қаладағы ағаштарға күтім жасауға көңіл бөлінсе дейді. Оларды талаптарға сай кесіп, құрттан тазартып және суарып тұру аса қажет екенін ескерттеді. 

Ә. Лесбек