$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Солтүстік Қазақстанда алғаш рет облыс әкімінің орынбасары қарамағындағы қызметкерлердің жемқорлығы үшін отставкаға кетпек

AstanaTV
04.08.2020ж. 20:00
2731
Солтүстік Қазақстанда алғаш рет облыс әкімінің орынбасары қарамағындағы қызметкерлердің жемқорлығы үшін отставкаға кетпек

Басқармадағы былық әкім орынбасарының басына тиді. Солтүстік Қазақстан облысында, Сәулет-құрылысты бақылау басқармасының үш басшысы бірінің артынан бірі парамен ұсталған. Алдыңғы екеуі қомақта көлемде пара алса соңғысы соғыммен қолға түсіпті. Мұның бәрі кейінгі үш жылда тіркелген факті. Тәбеті араңдай басшылардың кесірі облыстық әкімдікке де тиді. Қызылжарда тұңғыш рет облыс әкімінің орынбасары өз еркімен отставкаға кетпек. Параны қазы-қартамен алған басшы, айтпақшы осы шілде айында ғана сотталды.
 
Михаил ГУСЕВ, ҚАЛАЛЫҚ СОТ СУДЬЯСЫ:

Облыстық сәулет-құрылысты бақылау басқармасының бұрынғы басшысы Қалабаев мырза дақылдарды кептіру ғимараты, дене шынықтыру кешені мен орта мектептің құрылысындағы кемшіліктер үшін пара алғанына байланысты жауапқа тартылды. Ол, 26 600 000 теңге көлемінде айыппұл төлейді және оған мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды.

Антон Федяев облыс әкімінің орынбасары қызметіне 2016 жылы тағайындалған еді. Ол жауапты сала төрт жыл ішінде үш рет жемқорлық дауға ілініп отыр. "Қарамағындағы қызметкерлердің заң бұзушылығы үшін бірінші басшы да жазаға тартылуы керек" деп Мемлекет басшысы қадап айтқанын еске салайық.

Нұрлан ЖАХИН, СҚО СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ҚЫЗМЕТІ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Үкім заңды күшіне енгеннен кейін СҚО әкімінің орынбасары Антон Федяев отставкаға кету бойынша арызын жазған болатын. Егер бұл мемлекеттік басшы саяси қызметкер болмаса, яғни жай әкімшілік мемлекеттік қызметші болса, оған тек қана тәртіптік түрде жауапкершілік көзделеді.

Арыздың жазылуы шенеунік қызметінен кетті деген сөз емес. Антон Федяевтың арызы бір айдың ішінде қаралуы тиіс. Негізі солтүстікте шенеуніктер парамен жиі ұсталатын көрінеді. 2017 жылдан бері Петропавлде 200 жемқорлық фактісі тіркеліп 70 адам жауапқа тартылыпты.

А. Құрманкин