Короновирустық карантин Атырауда такси қызметін қымбаттатып жіберді. Әсіресе ауданнан қалаға қатынау қиындап кеткен. Құрманғазы ауданы тұрғындары бұрын Атырауға дейін 3 мың теңгеден төлейтін. Карантин басталғалы бері жол ақысы 2 есе өскен. Ол, аздай Астрахань-Атырау жолаушылар пойызы тоқтап қалған. 60 мың халқы бар аудан, енді таксиге тәуелді.
Дариға САҒЫНОВА, ҚҰРМАНҒАЗЫ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Пойыз жоқ, дым жоқ. Жұмысымыз бар еді. Енді үйімізге кете алмай жатпаймыз ғой біреудің үйінде. Ағайын болса да бәлен күн қонбаймыз ғой. Шаруамызбен келдік. Кетіп бара жатырмыз не істейміз.
Нұрбану ҒАНИБЕКОВА, ҚҰРМАНҒАЗЫ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Келген адамдар айтты 10 мыңмен келдік,- деп. Адам басына. Біз танысымызбен келдік. Әдеттегі бағамен. Дәрігерге келдік. Баланы дәрігерге алып келдік.
Такси жүргізушілерінің де айтары бар. Карантин олардың да қалтасын қаққан. Ал, жол болса қысқа емес. Оның үстіне 300 шақырым жол ойдым-ойдым болып жатады.
Жарас МҰХАМЕДИЯРОВ, ТАКСИ ЖҮРГІЗУШІСІ:
Бізге де ыңғайсыз 6 мың деп айтуға мәжбүрсің. Бензинді ақтау керек. Жұмыс жоқ жатырмыз. 25 мың кредит жатыр. Оны біліп жатқан ешкім жоқ. Кредит түгілі үйдегі тағамның өзін тауып жеу қиын боп жатыр.
Нұрболат ТАНДЫБАЕВ, ТАКСИ ЖҮРГІЗУШІСІ:
Халық ренжиді. Бірақ өздері келіп отырады. Мен зорламаймын ешкімді.
Такси жүргізушілеріне, көлік салонына екі кісіден артық алуға болмайды. Санитарлық талап сондай.
Болат ЕРСАЙЫНОВ, ТАКСИ ЖҮРГІЗУШІСІ:
2 кісі аласың, басқа кісі тиеткізбейді. Жолдан жүргізбейді ана арадан тұрып алып МАИ қызметкерлері. Салон 18 мың ғой 6 кісілікке. 4 кісілікке 12 мың.
Карантиндік шектеулердің мақсаты жұқпалы дерттің таралуын тоқтату. Ал, такси бағасын реттеу ешқандай эпидемиологиялық ережеде көрсетілмеген.
Жандос БЕКТЕМІРОВ, ҚҰРМАНҒАЗЫ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Мына ситуациялар қызмет көрсетуші такси және жеке тұрғын арасындағы келісу арқылы қойылатын баға. Бұл жерде бағаға шектеу қою немесе басқа шараларды алуға мүмкіндігі болмай отыр.
Бір сөзбен айтқанда бұл мәселеге шенеуніктер араласпайды. Яғни, жолақы мәселесін тұрғындар мен такси жүргізушілері өздері шешулері керек. Ал, Атырауда карантиндік режим тамыздың 17-не дейін созылған. Соңғы деректерге қарағанда өңірде 10617 адам қытайлық індетке шалдыққан. Құрбан болғандар саны 35 адамға жетті.
Б. Надирқызы