$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Павлодарда монополисттен қысым көрдім деген кәсіпкер арнамыздан араша сұрады

AstanaTV
12.08.2020ж. 20:00
3677
Павлодарда монополисттен қысым көрдім деген кәсіпкер арнамыздан араша сұрады

"Павлодарлық кәсіпкерлер энергетиктерден қысым көріп жатыр". Алексей Мазур есімді бизнесмен арнамызға осылай шағымданды. Фастфуд тағамдарын дайындайтын кәсіпкерді "Павлодарэнерго" компаниясы осыдан бес ай бұрын тоқтан ажыратып кетіпті. Артынан есептуіш құралдан ақау тауып, бір жарым млн теңге айыппұл салған. Оған келіспеген кәсіпкер, монополистті сотқа берді.

Алексей МАЗУР, КӘСІПКЕР:

Біз оларды сотқа бергеннен кейін қысым көбейді. Негізі аялдамалардағы фастфудтарды олар себепсіз тоқтан ажыратып тастаған. Айтуларынша біз электр энергиясына ақы төлемей жатыр екенбіз. Не үшін 1 млн. 420 мың теңге төлеу керек екенімізді түсіндірмеді. Құжаттар да көрсетілмеді. Тек, "Менде ауызша айтылған бұйрық бар" деп қысқа қайырады.

Энергетиктерде қарап қалмады. Олар да сотқа жүгініп қомақты қаражатты өндіріп алмақ болыпты. Алайда, дәлелді дәйектері жетпегендіктен сот арызды қабылдамаған.

Светлана КИРЮКИНА, ЗАҢГЕР:

Өткен жылы Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің тексеруі кезінде заң бұзушылық болғаны анықталды. Олар есептеу құралының пломбасын себепсіз бұзған. Сондай-ақ нысанға меншік иесінің рұқсатынсыз кіріп, есептеу құралын алып кеткен.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Амалы таусылған кәсіпкер кәсібі тоқтап қалмас үшін осындай генератор пайдалануға мәжбүр. Өйткені, нысанды жарықтан ажыратып тастаған. Дауысы жер жаратын қондырғы құдды бір ХX ғасырды еске түсіргендей әсер қалдырады.

Кәсіпкердің келтірген деректеріне "Павлодарэнерго" келіспейді. Айтуларынша, Алексей Мазур есептегіш құралдағы көрсеткішті әдейі төмендетіп отырған. Яғни, электр жарығын тегін пайдаланып жүріпті-мыс.

Сергей ГОРЧИНКО, ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІН ТАРАТУ КӘСІПОРЫНЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Кәсіпкер және оның заңды өкілі есептеу құралын тексеру үшін зертханаға барудан бас тартты. Өйткені, ол өз ісінің заңсыз екенін білді. Ал біз жасаған зерттеу қорытындыларын жоғалтқан болуы керек. Біз барлық нәтижені қолдарына бердік. Компания тарапынан қысым болған жоқ. Жарықты, қарызын төлемегені үшін ажыраттық.

Осыған ұқсас жағдай Павлодарда осыдан екі жыл бұрында болған еді. Ол кезде энергетиктер, "тоқ ұрладың" деген айыппен жалғызбасты ананы электр қуатынан қиып тастаған. 930 мың теңгелік айыппұл салды. Алайда, көп балалы ана монополистті сотта жеңіп шықты. "Павлодарэнерго" төңірегіндегі дау, құзырлы органдарды да қызықтырды. Мамандар бұл мәселені егжей-тегжей тексеріп жатыр.

Назымбек БЕКЖАНОВ, СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ АГЕНТТІКТІҢ ОБЛЫСТЫҚ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:


Бизнес өкілінің құқығы қорғалады. Бұл жерде "Атамекен" кәсіпкерлер палатасымен және мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс атқарамыз. Кәсіпкер неге сонша көп қаржы төлеу керек? Мұны анықтаймыз.

Айта кету керек. Павлодарлық кәсіпкер фастфуд ашып қаладағы екі аялдаманы көркейтті. Әрқайсысына Алексей Мазур 10 млн теңгеден қаражат жұмсапты. Ал, тоқ дауына әлі нүкте қойылмады. Кәсіпкер соттың әділ шешімін күтіп отыр.

Ө. Қуанар