$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Рудный автопаркіндегі 9 мерседесті кім өртеді?

AstanaTV
24.08.2020ж. 20:00
2849
Рудный автопаркіндегі 9 мерседесті кім өртеді?

«Бәсекелестердің қастандығы болуы мүмкін». Он автобусы өртеніп кеткен Рудный автопаркі құрылтайшысының пайымы осы. Аталған автопаркте түнде өрт шықты. Ашық алаңда тұрған қоғамдық көліктер лезде отқа оранып, автобустар жанып кеткен. Жедел жеткен өрт сөндірушілер 12 көлікті қауіпсіз жерге шығарып үлгерген. «Рудный автотранс» кәсіпорынында барлығы шамамен 100 көлік бар көрінеді. Абырой болғанда алау ұшқыны жабық гаражға жетпеген. Тасымалдаушы компания басшылығы 80 миллион теңге шығынға ұшырағанын айтты.

Ботагөз БОПАТАЕВА, «РУДНЫЙ АВТОТРАНС» ЖШС ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:

Қасақана өрт қойғандар бензин құйған екі канистраны, мата оралған таяқтарын  қалдырып кеткен. Бұл бәсекелестердің  істеген зұлымдығы деп ойлаймын. Өздерінің қолынан ешнәрсе  келмейді. Жұмыс істегендерді көре алмайды.

Жанып кеткен 10 автобустың тоғызы «Мерседес» маркілі. Көліктердің екеуі қатты зақымданып, істен шыққан. Полиция қазір сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады.

Кенже ҚОНЫСБАЙ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАС МАМАНЫ:


Барлық жағдайларды обьективті және толық зерттеу үшін, ҚР ҚК 202 бабы, яғни «бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Тергеу аясында сараптама тағайындалады. Сондай-ақ қажетті тергеу әрекеттері жалғасуда.


З. Санай