Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Шетелде оқып жатқан қазақстандық студенттер гранттан айрылып қалуы мүмкін

AstanaTV
24.08.2020ж. 20:00
3992
Шетелде оқып жатқан қазақстандық студенттер гранттан айрылып қалуы мүмкін

Қазақстандық студенттер шетелдік грантынан айрылып қалуы мүмкін. Карантинге байланысты олар оқуға бара алмайды. Кейбір жоғары оқу орындары жеңілдік жасап, қашықтан оқыуды қолдаса, енді бірі, "келіп оқыңдар", депті. Карантин кезінде елге оралған жастар тығырықтан қалай шығарын білмей дал болды. Ал, мектепті биыл бітірген талапкерлер үшін талап тіпті қатаң. Тақырыпты әріптесім Ғалымжан Өтемісов зерттеп көрді.

Мағжан Сыдықов Уфа университетінде магистратурада оқиды. Пандемия басталғанда ол үйіне оралып үлгерген. Шымкенттік жігіт оқу жылының соңғы айларын қашықтан оқып, әрең бітіріпті. Кезіндегі оқу озатының үлгерімі онлайн оқу кезінде төмендеп кеткен. Енді, бұл машақат тағы жарты жылға созылмақ. "Бұлай жалғаса берсе, гранттан айрылып қалуым мүмкін", дейді Мағжан Сыдықов.

Мағжан СЫДЫҚОВ, БАШҚҰРТСТАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ МАГИСТРАНТЫ:

Интернет проблемасы болғандықтан шет жақта оқитын біздерге қиындық туғызып жатыр.  Ал, мұғалімдердің көбі жағдаймызды түсінбейді.

Ресейлік білім ордалары жаңа оқу жылында оффлайн форматта жұмыс істемек. Яғни, шетелдік студенттерге "келіп оқуы" керек деген талап қойылды. Ал, белгіленген ережеге сәйкес шетелден кіргендер Ресейде міндетті түрде екі апталық карантинде болуы керек. Бір қызығы көршіміз шекараны жауып алған. Яки, студенттердің оқу-орнынан жетуі екі талай.

Александр КЛЕПАРСКИЙ, ОМБЫ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ:

Біз карантинге қарамастан, оқуға оралуға рұқсат етіледі деп үміттендік. Себебі, қазіргі оқу форматы қатты қиындықтар туғызады. Қашықтан оқыту жеткілікті дәрежеде біліммен қамти алмайтыны анық.

Ал мектепті биыл бітірген оқушылардың жағдайы мүлде қиын. Ресейлік жоғары оқу орындары бірінші курс студенттеріне талапты күшейткен. Яғни індеттің таралуына қарамай, университетке келіп оқуды міндеттеп отыр.

Дина ШАМСИЕВА, БАШҚҰРТСТАН УНИВЕРСИТЕТІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР БӨЛІМІНІҢ ХАТШЫСЫ:

Биыл оқуға түсетін түлектер міндетті түрде келіп оқуы тиіс. Алайда, пандемияға байланысты шетелдік студенттерге жеңілдіктер қарастырылған. Құжаттарын онлайн тапсырып, шекара ашылғанша қашықтан оқуына мүмкіндік жасауға тырысамыз.


Шетелге оқуға түскен жастардың күрделі мәселесімен Білім және Ғылым министрлігі құлағдар. Ведомства студенттерге барынша көмек көрсетеміз, деп сендіріп отыр.

Гаухар ОМАРБЕК, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Егер студенттер отандық университеттерге ауысуды қаласа, біздің тарапымыздан құжаттарды рәсімдеу кезінде жеңілдіктер жасалады. Ол үшін университеттің виртуалды қабылдау комиссиясына жүгіну жеткілікті.

Бірақ, ол жеңілдік ақылы түрде оқып жатқан студенттерге ғана қатысты. Ал, шетелдік грант жеңіп алған жастарға мұндай жеңілдік қарастырылмаған. Олар, отандық университетке ауысқанның өзінде ақылы түрде ғана оқи алады.

Ғ.Өтемісов