«Халықаралық армия ойындарында» қазақ танкистері тағы үздік нәтиже көрсетті. «Танк биатлонында» жерлестеріміз екінші орынды иеленді. Бірінші кубокты ресейлік әскерилер өздерінде алып қалды. Көрші мемлекеттегі танкисттер бұл бәйгеге арнайы дайындалған техникаларын қосқан екен. Додалы жарыста кімдер ерекшеленді? Мәскеу маңындағы «Алабино» полигонында өткен ойындар туралы тілші жалғастырады.
Мәскеу маңындағы «Алабино» полигоны. Кезекті «халықаралық армия ойындары», «танк биатлоны» осылай басталды. Ойын алаңы жарысқа арналғанымен ұрыс жағдайына сәйкестендірілген екен. Құдды соғыс киносын түсіретін жердей. Жаңбыр жауып, жер ми балшыққа айналды. Бұл танк қозғалысын қиындатқаны байқалады. Бірақ дәл осы табиғи кедергі ресейлік командаға бізді басып озуына септігін тигізгендей.
Дмитрий АЛЬКЕНОВ, НЫСАНАШЫ-ОПЕРАТОР:
Әрине, нәтиже бұдан да жақсы болады деп күттік. Бірақ ауа райына байланысты сәл қателіктер болды. Мысалға нысананы атқанда мүлт кеттік. Тек екінші оқпен дәл тигізе алдық. Жер өте лас, су болғандықтан жылдамдық та бәсеңдеді. Ресейліктерден сәл кешігіп қалдық.
Көршілердің басым түсуінің тағы бір себебі осы жарысқа арнайы дайындалған танкілер. Бұл техника қолайсыз күн райына, және жер рельефіне бейімеделген екен.
Бексұлтан АЛДАБЕРГЕНОВ, ТАНК КОМАНДИРІ:
Бүгін танк биатлонының екінші күні өтті. Менің экипажым қатысты. Бірінші рет қатысқан соң қобалжу болды. Бірақ біз оны жеңе білдік. Жақсы көрсеткіш болды деп ойлаймын. Жарыстың бәрі алда. Алдағы уақытта жақсы көрсеткіштерге қол жеткіземіз деп ойлаймын.
«Халықаралық армия ойындары» яки «танк биатлонына» алыс-жақын көршілеріміз де қатысты. Олардың арасында қырғыз бен өзбек ағайын да бар. Айыр қалпақтылар үшінші орынды иеленсе, өзбек әскерилері төртінші орынды қанағат тұтты.
Ә. Өмірзақ