Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

ШҚО Жарма ауданында екі электр стансасының құрылысы басталады

AstanaTV
25.09.2017ж. 20:00
2490
ШҚО Жарма ауданында екі электр стансасының құрылысы басталады

Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында екі бірдей электр стансасының құрылысы басталады. Бұл жоба испандықтармен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Мұны облыс әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді. Бұл бастама - ЭКСПО 2017 трендін одан әрі дамыту мақсатында қолға алынған жобалардың бірі. Облыста барлығы осындай бес жоба бар. Олар күн мен жел және су электр стансалары мен суды қайта өңдеу технологиясына қатысты.

Табиғаты ерекше Шығыс Қазақстанда жел мен су, тіпті күн сәулесін де игеріп, пайдалануға болады. Бүгінде өңірде осы бағыттағы нақты жобаларды іске асырып, баламалы қуат көзіне көшу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осындай игі жобаның бірі - Жарма ауданында. Мұнда испандық «Арисол» компаниясымен бірге қуаттылығы 30 мегаваттан асатын қос бірдей күн электр стансасы салынады. "Тұрғысын" тау өзенінде де гидростансаның құрылысы басталған.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Қазір плотинаның құрылысы басталды. Бұл нысан келер жылы пайдалануға беріледі. Екінші гидростансаға келер болсақ, оның техникалық экономикалық негіздемесі жасалып, дайындалды. Келешекке жоспарланған жобаларды біз бүгін қолға алып жатырмыз десек болады.

Станса іске қосылғасын, облысқа қуат мұқтаждығынан толығымен арылады. Бұл - шамамен 1 миллиард киловатт/сағат. Ал артылған электр қуаты еліміздің өзге өңірлеріне арзан бағамен беріледі.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Қазір «Центр-ВКО» энергетикалық көпірінің құрылысы аяқталды. Осылайша күллі Қазақстан арзан қуат көзімен қамтылады. Президент тапсырмасы ізімен қолға алынған бұл жұмыстар бүгінде өмір шындығына айналды.

«Жасыл» инновация Өскемен мен Семейде де іске асырылады. Осы жобаның көмегімен бюджеттің біраз қаржысы үнемделеді. Көшелерге жарық жүргізу ісіне 4,5 миллиард теңге бөлініпті. Қомақты несиені Еуропалық қайта құру және даму банкі берген. Мамандар ақылды құрылғылардың көмегімен мемлекет ақшасының шамамен 40% үнемдеуге болатынын айтады.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Бұл жобалар қазір іске асырылып жатыр. Енді бірер айда Өскемен мен Семей секілді екі ірі қалада шығыны аз шамдар орнатылады. Ал бұл қазына қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді.

«Жасыл» энергетика өңірдің металлургиялық кәсіпорындары үшін де басымдыққа ие сала болып отыр. Даниал Ахметовтың сөзінше, алдағы уақытта бірнеше өндіріс орнында лас сулар мен зиянды газдарды залалсыздандыру өндірісі іске қосылады.

Еркін КАРИН