Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Шахмат турнирі онлайн өтіп жатыр

AstanaTV
28.08.2020ж. 20:00
2685
Шахмат турнирі онлайн өтіп жатыр

Бүгін Қазақстанда жылдам шахмат түрінен балалар турнирі басталды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін халықаралық дода биыл алғаш рет онлайн форматта өтіп жатыр. Оған қатысушылар да жылдағыдан 2 есе көп. Жаңа форматтағы турнир жайында келесі материалда.

Сағат тілі 15:00. Онлайн ойын басталды. 11-жастағы Даниял Сапенов бар зейінін салып, сайысқа түсуге кірісті. Бұл жолғы бәйгенің ол үшін орны бөлек. Себебі, қарсыласымен әдеттегідей жүзбе жүз жарысқа түспейді. Бәскелесінің әрбір қадамын тек компьютер алдында отырып, аңдиды.  

Даниял САПЕНОВ, ШАХМАТТАН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ:

Негізінде, жүзбе-жүз ойнаған қызығырақ. Себебі, достарыңды көресің. Адамдармен араласасың. Бұрындары онлайн турнирге қатысып көрмегенмін. Бірақ қазір үйрене бастадым. Бір емес, бірнеше кезеңнен өткен соң, қиын еместей көрінеді.

Дәл осы Данияр сияқты монитор алдында онлайн сайысқа түсіп жатқандар жетерлік. Бас-аяғы 900 бала турнир ойынына қосылды. Бәріне қойылған талап бір. Бәйгеден оқ бойы озық шығу үшін 9 кезеңнен де сүрінбей өтуі тиіс. Ал сайыстың өзі 3 күнге жалғасады. Онда 10 жастан 18 жасқа дейінгі жасөпірімдер бақ сынасады. Жаңа форматтағы аламанды «Бәйтерек» холдингі, Дәрмен Сәдуақасов шахмат академиясы және «Болашақ» қауымдастығы ұйымдастырып отыр.  

Айдар ӘРІПХАНОВ, «БӘЙТЕРЕК» ХОЛДИНГІНІҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:


Біз карантин жағдайына қарамастан, зерек балалардың әрдайым өзі-өзі дамытуға жағдай жасау керек деп шештік. Ал оған шахмат турнирлерінің үлесі зор. Дәрмен Садуақасов, Жансая Әбдімәлік, Динара Садуақасова бастаған жолды жалғайтын жас таланттар осы жерден шығады деп сенеміз. Сондықтан балалардан  тек әділ ойын күтеміз.

Әділ ойын деп меңзеп тұрғаны да жай емес. Онлайн форматтағы шахмат турнирде ымдап-сыбырлап жол көрсетушілер де болуы мүмкін. Мұны ұйымдастырушылар да жасырмайды. Сондықтан да алқа билер құрамына ерекше назар бөліпті. Комиссия мүшелерін де білікті мамандардан жасақтаған. Олар қатысушының әрбір қадамын мұқият аңдып отырады.

Дәрмен САДУАҚАСОВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ГРОСМЕЙСТЕР:

Биылғы ойын өте қатал болмақ. Қатысушыларды соған дайын болсын дер едім. Ең үздік ойыншылар зум мен мен өзге де басқа видео арқылы бізбен байланысқа шығуы керек. Оларды біздің судьялар тексереді. Егер бір күдікті жағдай байқасақ, ол ойыншының ойыннан шығарып жіберуге дейін барамыз.

Бәйгеге тіккен жүлдеде аз емес. Жеңімпаздар жалпы соммасы 2 млн теңгегеден асатын олжа алады. Бүгінгі бірінші ойын тартысты өтті. Шешуші сайыс 30 тамыз күні өтетін болады.

А. Мүтәлі