Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Жамбыл облысындағы мал цианид зауыты қалдығының суынан уланып өлген болуы мүмкін

AstanaTV
25.09.2017ж. 20:00
5263
Жамбыл облысындағы мал цианид зауыты қалдығының суынан уланып өлген болуы мүмкін

Жамбыл облысында мал қырылып жатыр. Талас ауданы Қаратау қаласында жылқыдан бастап, сиыр, қойға дейін зауыт маңындағы көлден су ішіп сұлаған. Осыған байланысты Жамбыл облыстық прокуратурасы қылмыстық іс қозғады.  Төрт түлігінен тегіс айырылып қалған тұрғындар малдың қырылуына цианид өндіретін зауыт қалдығының көлге ашық құйылуынан деп отыр. Өлексе қанында химиялық элемент қалдығы шығатынына сенімді. Бұл жағдай бұған дейін де болған. Бірақ жергілікті билік жылы жауып қойды дейді жұрт. Бүгінде осы жағдай тағы қайталанып, 12 бас арам қатқан. Мал дәрігерлері де  ауру ағын судан келгенін айтып отыр. 

Серікбай Бапахов, Қаратау қаласының тұрғыны:

Осы жерде 40 жыл болды. Малдың бәрі су ішеді осы жерден. Балығын ұстап жейтінбіз. Еш бәле жоқ еді. Осы екі жыл болды цианид қосылғалы. Ана жерде балықтар да өліп жатыр.

Тұрысбек Аңдабеков, Қаратау қаласының тұрғыны:

Ауданға айтылды. Әкімшілік бәрі де біледі. Айтқанбыз. Облыс шешеді, солар шешеді деген.

Берік Қаратев, Талас ауданы әкімдігі ветеринария қызметінің бас маманы:

15 бастың осында су ішіп, 11 өлгені анықталды. Қазір малдардың ішкі органдарынан облысқа тексеруге жібердік. Біздің алғашқы қорытындымыз малдар осы судан уланған деп отырмыз.

Тұрғындар улы химиялық цианид өнімін өндіретін зауыт қалдық суын төгуін тоқтатсын деп талап етеді. Қаратаулықтардың енді қырылған малдары үшін өтемақыны кімнен өндіретіні белгісіз. 

Қайсар Бекмұратов, Жамбыл облысы прокурорының көмекшісі:

«Алтын көл» суын ішу салдарынан 12 жылқының өлгені рас. Арнайы комиссия құрылып, көл суы тексеруге алынды. Бұл дерек бойынша Талас аудандық ІІБ-мен қылмыстық іс қозғалды. «Экологиялық талаптарды бұзу» бабы бойынша  қозғалған іс соңына дейін прокуратура назарында болмақ. Қазір тексеру жүріп жатыр.