Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Алматының іргесінде интернет түгіл ұялы байланыс жоқ. Бірақ балалар қашықтан оқып жүр

AstanaTV
08.09.2020ж. 20:00
3845
Алматының іргесінде интернет түгіл ұялы байланыс жоқ. Бірақ балалар қашықтан оқып жүр

Жаңа оқу жылы басталғалы бері бір апта өтті. Алайда, қашықтықтан оқу мәселесі әлі шешілмеген. Шалғайдағы ауылдарды айтпай ақ қояйық. Ірі мегаполистердің іргесі интернет пен ұялы байланысқа жарымай отыр. Баласын оқыта алмай басы қатқан ауылдар арасында Алматының жанында тұрған Елтай ауылы бар. Тұрғындардың жан-айқайын Аршын Кемелжан біліп қайтты.

Бұл Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Елтай ауылының тұрғыны Әлия Сәтпева. Ол, жаңа оқу жылы "бас ауруына" айналған көп ата-ананың бірі. Елтайда сабақ оқу мүмкін емес. Ғаламторға кіру үшін мұнда оқушылар, телефонды басына көтеріп төбешік іздеп жүреді. Ата-аналардың да күндегі тірлігі осы.

Әлия СӘТПАЕВА, ЕЛТАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Тапсырманы жібереді, ашыңыздар, оқыңыздар, дейді. Ол көбінесе видео форматында келеді. Біз видеоны аша алмаймыз, ойналып тұрады. Сосын баланы тастаймыз. Мысалы, менде төрт бала бар, екеуі оқиды. Кішкентай балам бар, соны тастап далаға шығамын видео жүктеу үшін. Күн болсын, түн болсын далада телефонмен жүреміз.

Анастасия БУРЦОВА, ЕЛТАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Интернет түгіл ұялы байланыс ұстамай қалады. Мұғалімдермен байланыса алмаймыз. "Қашықтан оқу", деген мүлдем өтіп жатқан жоқ. Тапсырманы алып, оны қайта жіберу үшін көше кезіп жүреміз.

Елтайда бүгіннің өзінде 15 мың түтін бар. Ал, ауыл болса жылдан жылға кеңейіп келеді. Ал, интернет мәселесін ауыл әкімдігі біледі. Бірақ, шеше алатын емес. Қара халықты қоя тұрыңыз. Шенеуніктердің өзі, құжат жіберу үшін қалаға қатынап жүр екен.

Бекжан ӘБЖАНҰЛЫ, ЕЛТАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Осылай біздің округімізге антенна қойып берсін, жеріміз дайын, деп бір айдың көлемінде хат жолдағанбыз. Жиырма күндей болды хатқа жауап жоқ. Енді өзімізге қайтадан бару керек болып тұр, хатқа жауапты барып аламыз енді.

Тұрғындар да әкімдік те ғаламтор сұрап талай мекеменің табалдырығын тоздырған. Бума-бума қағаздан нәтиже жоқ. Басқасы түгіл ұялы байланыс операторлары да хатқа жауап жазбай қойған екен. Ал, аудандық Білім бөлімі болса, "Оқушыларға тапсырма онсызда аз беріп отырмыз", деп ақталды.

Әсел ЕРКІНБАЕВА, ҚАРАСАЙ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Оқушыларға үй тапсырмасы берілмейді. Жеңілдетілген форматта ғана тапсырмалар беріледі. Сонымен қатар жиынтық балдарымыздың барлығы тоқсанына бір рет алынатын болады.

Амалы таусылған ауыл тұрғындары ұялы байланыс операторларын жағалап Алматыға барды. "Арыз қалдырсақ қайыр болама", деген үміт бар.

Интернет жоқ. Ал, онлайн сабақтар саябырлайтын емес. "Баламыз бағдарламадан қалып қойды", деген ата-ана болса кімге шағымданарын білмей дал болып жүр.

А. Кемелжан