Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Қазақстанда азық-түлік бағасы тағы қымбаттады

AstanaTV
15.09.2020ж. 20:00
2881
Қазақстанда азық-түлік бағасы тағы қымбаттады

Ресми статистика мен өмірдегі бағамда тағы алшақтық пайда болды ма? Бүгін Үкімет отырысында, елдегі азық түлік бағасы жыл басынан бері 4,4 пайызға қымбаттады, деген айтылды. Алайда бұл ақпарат тұрғындар мен саудагерлердің көңілін көншітпеді. Айтуларынша, тамақ құны кемінде 10 пайызға қымбаттап кеткен. Кімге сенеміз? Айя Мүтәлі толықтырсын.

Азық-түлік бағасы күн санап өсіп келеді. Тауар мен баға таразысын, тараздықтар осылайша бағамдайды. Жергілікті халықтың айтуынша, азық-түлік құнының жылдам өскені сол, ел отбасылық бюджетті жоспарлап үлгермейтін көрінеді. "Тапқан таянғанымызды қалай тартсақ та, жеткізе алмаймыз", деді жұрт.

БЛИЦ:  


-    Қарапайым халыққа ол қалтадан ұрады негізі. Қазір енді барлығы қымбаттап жатыр ғой, біраз өсіп кеткен ғой бағалары.

-    Азық-түлік 2 есе қымбаттаған. Өз басым 57 мың зейнетақы аламын. Онымен қазір өмір сүре алмайсың. Күнделікті тұтынатын көкөністің өзін қымбатқа аламыз.


Тауар бағасының қаншалықты шарықтап кеткенін саудагерлер жақсы біледі. Сөздеріне сенсек, азық-түлік құны кемінде 10 әйтпесе 20 пайызға өскен. Әсіресе қарақұмық пен қант көтеріліп кеткен. Жеміс-жидек пен көкөніс бағасы да "өкпелі емес".

Мысалға біз алмалардың өзін 600 теңгеден аламыз. Жүзімдердің өзі ол да қымбаттады, 500-600 ден аламыз жүзімдерді. Адраспан дегенді бұрындары біз 50 ден алып 100 ден сататынбыз. Қазір 250 ден алып 300 ден сатып жатырмыз.

Яғни, министрлік пен халық есебі тағы екі түрлі. Бақыт Сұлтанов мысалға Жамбыл мен Солтүстік өңірде баға өсімі алты пайыздың айналасында деген еді. Қалай болғанымен министрлік қымбатшылықтың бар екенін мойындайды. Алайда, оған жергілікті атқару органдары айыпты екен. Ал, бағаны тұрақтандыру үшін қаржы бөліп тиісті шараларды қолға алған облыстарды жағдай жақсы көрінеді. Бұл мақсатқа өңірлер 14 млрд теңге жұмсапты. Нарықты тұрақтандыру үшін ақшаны аямаған аймақтың бірі Алматы қаласы екен.

Бақыт СҰЛТАНОВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

Нәтижесінде шаһарда жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуі 2,2 пайызды құрады. Бұл ел бойынша ең төменгі көрсеткіш болып табылады.

Сөйтіп, жыл басынан бері баға 4,4 пайызға ғана өсті деген Бақыт Сұлтанов, азық-түлік құнын ұстап отырмыз дегенді айтты. Ол, тіпті нарықтың тұрақталғанын айтады. Мысалға тамыз айында өсім 1 пайызға түсіпті. Үкімет басшысы министрлік есебіне нанды. Азық-түлік қолжетімділігін әлі де қадағалау керек, деген тапсырма берді.

Асқар МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:


Біз импортқа тәуелділікті азайту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бағаны қымбаттатуға ешбір себеп жоқ. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың барлық түрі бойынша бағаның тұрақтылығына қатаң бақылау қамтамасыз етіледі.

Бір білгеніміз. Бағасы өсіп жатсада азық-түік қоры бізде жеткілікті. Тұрақтандыру қорларында 27,7 мың тонна азық бар екен. Оны жақында тағы 21,6 мың тонна тауармен толтырады екенбіз. Бір сөзбен айтқанда биыл азық-түлік тапшылығы елде болмайды. Үкіметтің сөзі осы.

А.Мүтәлі