Ертіс өңірінде жол апаты азаймай тұр. Жыл басынан бері өңірде 34 адам ажал құшыпты. Соңғысы күні кеше ғана болды. Қарсы бетке шығып кеткен мотоцикл жүргізушісі жол апатын тудырған. Екі адам қаза болды. Павлодарда жол апаты неге жиілеп кетті? Өзгеріс Қуанар анықтап көрді.
Жыл басынан бері Павлодар облысында 400 жуық жол апаты болған. Салдарынан 515 адам түрлі дене жарақатын алып, 34 адам қаза тапты. Жантүршігерлік апаттың бірі Баянауыл тас жолында тіркелді. Көліктер соқтығысуынан бір күнде 5 адам бақилық болған.
Қуаныш МҰСТАФИН, ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Көлікті басып озбақ болған жүргізуші қарсы бетке шығып апат болды. Тергеу әлі жүріп жатыр. Көлік апаттарының негізгі себебі жолда мұқият болмаудан шығады. Үлкен жолдарда қатты жылдамдық алу да қайғылы жағдайларға әкеліп соғады.
Тағы бір апат өткен түнде тіркелді. Мотоцикліне екі адам отырғызып алған жүргізуші жол апатын тудырды. Ол, да қатты жылдамдықпен келе жатып қарсы беттегі көлікке соғылған. Мотоцикіл жүргізушісі мен жолаушының бірі тіл қатпай кетті.
Қуаныш МҰСТАФИН, ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Тағы бір мотоцикл жолаушысы, 46 жастағы ауыл тұрғыны жарақат алып ауруханаға жеткізілді. Автокөлік пен мотоцикл айып тұрағына қойылды. Тексеру жүргізіліп жатыр.
Полицейлердің айтуынша, Керекуде жүгенсіз көлік жүргізушілері көбейген. Жыл басынан бері сондай 13 мың адам жауапкершілікке тартылыпты. Бірақ ол нәтиже беретін емес. Жол көлік оқиғасынан өткен жылы 35 адам қаза тапса, биыл сегіз айдың ішінде 34 адам опат болыпты.
Ө. Қуанар