Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Әскери бөлім психологы басшыларынан қысым көрді

AstanaTV
17.09.2020ж. 20:00
3598
Әскери бөлім психологы басшыларынан қысым көрді

Жұмысынан заңсыз қуылған жалғызбасты ана әділдік іздейді. Жамбыл облысындағы 63-302 әскери бөлімінің психологы аяқ астынан жұмыссыз қалып, басшыларымен соттасып жүр. Алайда, маман екі соттан жеңіліп қалып, Жоғарғы сотқа жүгінген. Жүйкесі жұқарған психолог біздің арнадан араша сұрады. Динара Жарқынбектің репортажы.

Эльвира Ералықызының жұмыссыз отырғанына бір жылдан асты. Ал, ол жалғыз басты ана үшін ауыр. Психолог, әскери аттестациялық комиссияға уақытылы бармағаны үшін жұмысынан қуылыпты.

Эльвира ЕРАЛЫҚЫЗЫ, ЖАЛҒЫЗБАСТЫ АНА:


Алматы әскери клиникалық госпиталінен бірақ шықтым. Ауырып тұрған соң бірден операция жасалды. Келгеннен кейін маған бұйрық шығарып қойған. №6 бұйрық қызметтен шығару бойынша.

Эльвираның өзі, жұмыстан заңсыз қуылғанын айтады. Сол күні ол ауырып қалыпты. Тиісті құжаттары да бар. Әділдік іздеген психолог былтыр сотқа арызданыпты. Содан бері бірнешеуі өтті.

Жасұлан ӘМІРЖАНОВ, ЗАҢГЕР:

Қорғалушы алғашқы соттың шешімі қанағаттандырмағандықтан, Нұр-Сұлтан қаласында әскери сотқа шағымданған. Өкінішке қарай, аппеляциялық сот шешімі де өзгертусіз қалды.


Эльвира, әскери бөлімде жәбір көргенін айтады. Психологке бұрыңғы басшылары қысым көрсетіпті.

Эльвира ЕРАЛЫҚЫЗЫ, ЖАЛҒЫЗБАСТЫ АНА:

Басшылық жұмыс атқаруыма мүлде мүмкіндік бермеді. Ол кісілердің іс-әрекеттерін мүлдем түсінбедім. Жан жақты қысым жасалынғаны себептен қатты ауырып қалдым.

Мемлекеттік қызметшілер аттестациядан 3 жылда бір рет өтеді. Ал, Эльвира болса 1 жылда 4 рет өтіпті. Оның екеуінде комиссия мүшесі болса, екеуіне өзі шақырылыпты. Заңгердің айтуынша, бұл заңға қайшы.

Жасұлан ӘМІРЖАНОВ, ЗАҢГЕР:

Аттестациядан өту ережелерін Комиссия мүшелері өздеріне қолайлы етіп ұйымдастырған. Заңды түрде бекітілген норманы көзге ілмеген.  Ал бұл кімге пайдалы? Әрине, бұл жағдайда тек 63302 әскери бөлімшесіне тиімді.

Эльвира Ералықызы жақында Жоғарғы сотқа арызданды. Психологке, қоғамдық ұйым өкілдері қол ұшын бермек. Бізде қалыс қалмадық.

Динара ЖАРҚЫНБЕК, ТІЛШІ:

Қорғаныс министрлігіне ресми хат жолдап, жауап сұрадық. Қарулы күштер болса, "Бір апта ішінде жауап береміз", деп қысқа қайырды. Артын бағайық.

Д. Жарқынбек