Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Еліміздегі интернет мәселесін Үкімет 3 айда шешіп тастамақ

AstanaTV
30.09.2020ж. 20:00
2993
Еліміздегі интернет мәселесін Үкімет 3 айда шешіп тастамақ

Ғаламторға жарымай отырған еліміз бар жоғы 3 айдың ішінде интернетпен 99 пайызға қамтылады екен. Жәй емес кең жолақты интернетпен. Бүгін Үкімет отырысында тағы осындай уәде берілді. Премьер-министр, "Халқы 250 адамға толмайтын ауылдарға дейін интернет тарту керек", деген тапсырма берді. Қашықтан оқу маусымында "бас ауруға" арналған мәселені Үкімет қалай шешпек? Ғалымжан Өтемісов тарқатсын.

ХХІ ғасырда қол жетімді интернетпен қауышу. Бұл қаланың да даланың да арманы болғалы қашан?! Ғаламторға қарап қалатынымызды "қытайдан шыққан індет" келгенде ғана білдік. Пандемия оны бетімізге басты. Үкімет бұл келеңсіздікке енді бел шеше кірспек. Жәй кіріспейді жарты ақ жылда шешіп тастаймыз, деп отыр.

Асқар МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Осы жылдың қорытындысы бойынша 5,2 мыңнан аса ауыл — еліміздегі ауыл халқының 99%-ы үшін кең жолақты интернет қолжетімді болады. Ауылдарды кең жолақты интернетке қосу жөніндегі биылғы жылға арналған барлық жоспарлар мерзімінде іске асырылады.

Неше жыл шешілмеген мәселе 3 айда қалай шешілмек? Бұған ауыл халқы сенер емес. Қарағандының іргесінде тұрған Еркіндік кенті, ғаламторға "еркін" кіре алмай жүрген көп елді мекендердің бірі. "Онлайн оқуға қатысу үшін қораның төбесінде жүреміз", дейді ауыл тұрғыны Нұрбота Совет.

Нұрбота СОВЕТ, ЕРКІНДІК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Біздің ауылда мүлде интернет ұстамайды. Соның кесірінен оқушылар мен студенттер шатыр мен қораны жағалап жүр. Акимат 7 ай болды уәдесін орындамай жүргеніне.


Нұрботаның жергілікті билікке өкпесі қара қазандай. Өйткені, әкімдіктің "интернет келеді", деген уәдесіне бірнеше жыл болды. Ауылдың ендігі үміті - Үкіметтің бүгінгі уәдесінде.

Интернетті қоя тұрайық. Жылу жүйесі де мәз емес. Мұны Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтып отыр. Министрдің сөзіне қарағанда Елордада биыл жылу тапшылығы болуы бек мүмкін. Өйткені, қаладағы қазандықтың бірінде станция турбиналары әбден ескіріпті. Жөндеу жұмыстары қарашаның соңына дейін аяқталуы тиіс екен.

Алтай КӨЛГІНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бұл 120 МВТ қосымша электр көзін және 180 Гкал (гигокаллория) қосымша қуатын, жылу энергиясын береді. Нәтижесінде 1,5 миллион текше метр коммерциялық және тұрғын үй нысандары жылумен қамтамасыз етіледі.


Жылу мауысымында өзге де өзекті мәселелер бар. Энергия өндіруші кәсіпорындардың дені дайындық паспортын әлі күнге алмапты. Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, компаниялар қыстық маусымға қаражат жұмсағанша айып пұл төлеп оңай құтылғанды жөн көреді екен. Министр, компаниялардың жауапкершілігін арттыру үшін жазаны қатайту керек, деп отыр.
 
Ғ.Өтемісов