Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Жаңақорған жылқылары гастрофилез кеселінен қырылып жатыр

AstanaTV
01.10.2020ж. 20:00
3719
Жаңақорған жылқылары гастрофилез кеселінен қырылып жатыр

Жаңақорғанда белгісіз дерттен 200 жылқы қырылып қалды. Үрейленген қызылордалық шаруалар бүгін осындай ақпарат таратты. Облыстық ветеринарлар болса Жаңақорған ауданындағы 4 ауылда індет тіркелгенін растады. Қамбар ата төліне "паразиталды гастроифлез" кеселі жабысыпты. Қызылордадан Мөлдір Тоқтасынқызының репортажы.

Жылқышылардың айтуынша "жұмбақ індеттің" тамыз айында басталған. Мал бір апта бойына жем-шөпке қарай алмапты. Мал дәрігерлерінің екпесінен де нәтиже болмаған. Белгісіз кеселден Байкенже ауылында 200 жылқы қырылды, дейді шаруалар.

Қанатбек КЕНБАЙ, БАЙКЕНЖЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ауыл бойынша екі жүздей мал шығын болды ғой. Көршілес ауылдар да бар. Бұл енді жылда анда-санда болып тұратын бірақ ешқандай ем-дом әсер етіп жатқан жоқ әлі.

Ғалымжан ДАЙРАБАЕВ, БАЙКЕНЖЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Укол салдық, бәрі өліп қалды дейді. Біреуі жазылды деген мен осы ауылда көрген жоқпын, естіген жоқпын. Біз мал дәрігерлерге айтқан кезімізде тұмсығына жылқының құрт түсті, басын кесіп берейік тексересіңдер ма дедік. Әлемде болып жатқан нәрсе, жылда ауыратын нәрсе деді.


Ауылдағы мал дәрігерлерінің айтқанын облыстық ветеринарлар да құптап отыр. Шаруалар айтқан індет Жаңақорған ауданындағы 4 ауылдан кездесіпті. Жылқыларға "паразитарлы гастрофилез" кеселі тиген көрінеді.

Ерсұлтан ӘПЕТОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бас сүйегінен және миынан, танауынан, кеңсірігінен осы құрттардың бәрі толып кеткендігі көрсетілген. Аса қауіпті аурулардың тізбесіне гастрофилез паразитарлық ауруы енбегеннен кейін бұған өтемақы беруге жатпайды.    

Жаңақорған ауданы бойынша нақты қанша жылқы арам өлді? Ресми мәліметтер 29 бас мал өлгенін айтады. Дегенмен бұл сандар әлі нақтыланатын сияқты.

Ерсұлтан ӘПЕТОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

200 бас өлді, 500 бас өлді деп әркім айта береді ғой енді.  Ал ол жерде акт жасалады, ветеринарный, санитарный инспектор бар. Ресми түрде қолымызға келген мәліметті айта аламыз.

Басқарма басшысы ем-дом жасау әр шаруаның өз мойнына жүктелген деді. Дәрілер қолжетімді. Сондықтан өздері сатып алып, екпе жасасын деп кеңес берді.

М. Тоқтасынқызы