Алматыда көше сатылып кеткен. Енді Алатау ауданының жеті үйі, жолсыз қалуы мүмкін. Осыдан қауіптенген тұрғындар жергілікті билік пен құзырлы органдардан күдер үзген. Табалдырықтарын тоздырғанмен, мәселені бір жарым жылдан бері шеше алмай келе жатқандарына шағымданды. Аршын Кемелжан мәселенің ақ-қарасын анықтап қайтты.
Аршын КЕМЕЛЖАН, ТІЛШІ:
Сегіз үйдің бас ауруына айналған жүз метрлік көше - осы. Бұл көшеге әлі күнге дейін ешқандай атау берілмеген. Мәселе мұнда емес, негізгі мәселе осы жүз метрлік көшені бір жарым жыл бұрын жеке азамат сатып алыпты.
Мұны естіген тұрғындардан маза қашқан. Өйткені көше иесі өзіне тиесілі жерді қоршап алатынын ескертіпті. Шағымданушылардың қолындағы құжатта даулы аумақ көше деп көрсетілген. Ал, көше иесі ол жерді жергілікті атқамінерлер телім деп бергенін айтты. Жолдың бір басын қоршап, үй соғып алған. Енді екінші басын жауып алмақшы.
Ерғали ДҮКЕНБАЕВ, АЛАТАУ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Сол жерді сатып алыңдар десек, ол кісілер сатып алғысы келмейді. Бізге сатып алу керек емес, дейді. Онда сотқа беріңдер деп жатырмын. Үкімет шешім шығарып берсін. Не сол кісілер алсын, не бізге қалсын. Болмаса есік шығарып келтірейік, дедік. Бір гос. Акт-та үй соғылып тұрған. Екіншісі ортадағы ғой. Жартысын арғы жақтағы көршілерге қалдырып кеттік.
Жалғыз жолдан айырылып қаламыз ба деген тұрғындардың дауын, жергілікті билік пен құзырлы органдар бір-біріне сілтеп келген.
Медеу ҮМБЕТНИЯЗОВ, АЛАТАУ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Көршімізге ескерттік: «Бұл жол, жабуға тыйым саламыз, соттасуға дейін барамыз», деп. Не қылсаңдар оны қылыңдар, менің жекеменшік жерім, дейді. Біз әкім Сағынтаевтың қабылдауында, Алатау ауданының тұрғындарымен кездесуінде болдық. Жер қатынас басқармасында да болдық. Барлығы шешіледі, қарастырылып жатыр, дейді.
Аудан әкімдігі бұл аумақ облыстан қалаға өткелі, жер дауы көбейгенін айтады. Дегенмен бізге де жыл соңына дейін көше дауын шешіп беруге уәде етті.
Әділет ТОҚТАСЫНОВ, АЛАТАУ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қазір де біз архитектура басқармасымен сөйлестік. Осы жылдың соңына дейін қызыл сызыққа енгізіп, оны Алматы қаласы өзіне алатын болады. Бұл Қарасай ауданынан бастап осындай болып келген. Жолдың бойына отырғызған, бізде ондай 4-5 мәселе бар. Су қоймасының бойында салынған. Мұндай жалпы Алатау ауданында өте көп проблеманың бірі болып келеді.
Атаусыз көшенің тағы бір мәселесі – электр сымдары мен бағандары. Көше тұрғындары 10 жыл бұрын жер алып, үй салған кезде өз күштерімен орнатқан бағандардың бүгінде тозығы жеткен. Ал, электр желілері жерде оралып жатыр.
А. Кемелжан