Павлодарда 50 көпқабатты тұрғын үй жылусыз отыр. Ол аз болғандай 5 айдан бері ыстық су да берілмеген. Шыдамы таусылған тұрғындар бүгін шу көтерді. Тұрғындардың жан-жайқайын әріптесім Өзгеріс Қуанар тыңдап келді.
15-мамырдан бастап ыстық су жоқ бізде. Міне, суық су. Оң жағында да, сол жағында барлығы ағып жатқан суық су. Барлықтарымыз тоңамыз. Енді міне, мына жақта батерейлер сұп-суық. Жылу жоқ. Суық камераға кіргендей мынанның іші суық.
70-ті алқымдаған Зекен әжейдің көрген күні осы. Тастай суық су мен суық үй әбден мезі еткен. Басқа барар жері болмаған соң, амалсыз тұрып жатқанын айтады. Күз басталғалы электр пешімен жан бағып отыр.
Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:
Еденнің суықтығынан тұрғындар пәтерде осылай күн кешіп жатыр. Өйткені, үйдегі жалғыз жылытқыштардың өзі пана болмай кеткен. Сондықтан пәтер ішінде қабат-қабат жылы киініп жүруге де мәжбүр.
Бұл бір ғана үйдегі жағдай. Қазір қала бойынша 50 көпқабатты үйде жылу жоқ. Ол аз болғандай 5 айдан бері ыстық суда тоқтап тұр. Амалы таусылған тұрғындар енді кімге шағымданарын білмейді.
Диана ЧЕМОЩЕНКО, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Менің екі кішкентай балам бар. Олар осы суықтан жиі ауыратын болды. Беті-қолымызды су жылытып жуамыз. Балаларға обал болды. Үй де суық, балабақша да суық. Тіпті, балабақшаның суықтығы сондай баламның мұрынының ұшы қыз-қызыл болып тоңып келеді.
Тұрғындардың жергілікті билікке деген өкпесі қара қазандай.
Алма БАЯНДИНОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Коронавируспен күресіп жатырмыз - дейді билік, ыстық су жоқ сонда адамдар қалай вирусқа қарсы тұрады суық сумен. Бізде қыркүйектен күн суытып кетті. Үйіміз болса, тастай суық. Тұру мүмкін емес.
Ал жергілікті әкімдік жылу мен ыстық судың кешеуілдеуіне күрделі жөндеу жұмыстарының себеп болғанын айтады.
Салтанат ӘКІМБЕКОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
3-қазаннан «Саяжай» шағын ауданындағы әлеуметтік нысандарға жылу берілді. Бүгіннен бастап көп қабатты тұрғын үйлерге жылу кезең-кезеңімен берілетін болады.
Ал тұрғындар болса, шенеуніктер уәде еткен жылудың әлі жетпегенін айтады. Ал қаланың кейбір аудандарындағы үйлердің жылуға қосылмауына желідегі апаттар себеп болған. Әкімдік жөндеу жұмыстары толықтай аяқталмай, жылу берілмейтінін ескертті.
Ө. Қуанар