Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Павлодарда ауладағы ойын алаңының орнына дүкен салынбақ

AstanaTV
08.10.2020ж. 20:00
3013
Павлодарда ауладағы ойын алаңының орнына дүкен салынбақ

Павлодарда жергілікті билік ауладағы ойын алаңын сүріп тастап, орнына дүкен тұрғызбақ. Бұл, көп қабатты үй тұрғындарының ашуын тудырды. Ертіс өңірінде сауда орнын салатын басқа жер табылмады ма? Әлде балалар ойнатын жер билікті маңдайына тар келді ме? Өзгеріс Қуанар тарқатсын.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Бұл Бектұров көшесі 58 үйдің ауласындағы ойын алаңқайы. Аты ойын алаңы болғанмен, заты жүдеу. Ескі әткеншек пен сыны кеткен сырғанақ. Енді бұл жерге дүкен салынса, тұрғындар бұның өзіне зар болып қаламыз ба - деп қауіптеніп отыр.

Осы үй тұрғыны Олеся Громованың 3 баласы бар. Үлкені 11-де қалған екеуі балабақша жасында. Жас ана балаларын алып осы ескі ойын алаңына жиі шығады. Әкімдіктің кейінгі жаңалығы Олесяның ғана емес бүкіл үйдің көңіл-күйін түсірді.

Олеся ГРОМОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Енді балаларымды қайда апарып ойнататынымды білмеймін. Айналамыздың бәрі асфальт.  Мұндағы алаңқайда бұрын құм болған жоқ. Жазда құм әкеліп төккенде балалар қатты қуанды. Енді қуаныштары су сепкендей басылатын болды.


Ойын алаңына бір емес төрт үйдің балалары келіп ойнап жүр. Алаңқай жақын арада жанарама деген үміт болған. Алайда, әкімдік оны мүлдем сүріп тастамақ.

Фарида НҰҒМАНОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Әрбір квартирада 2 баладан. Ата-аналар 2 баладан. Міне, кішкентай балалар бізде мектептке баратын балалар. Ойнайтын жер жоқ. Міне, старый әкелді площодкалар олар өздері краскалары шығып жатыр. И то бізден тартып алып жатыр.

Әкімдік, балалар алаңынан қарағанда дүкен маңызды деп шешкен болуы керек, дейді жергілікті тұрғындар. Өйткені, халық арыз-талабын атқамінерлерге бірнеше рет айтқан. Қол жинап шағым да жазған. Нәтиже әлі күнге жоқ.

Алексей МОЛОКОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Біздің үйдің ауласында 3 бірдей дүкен бар.  Бәрі қол жетімді. 4-ші дүкеннің керегені не? Ойын алаңын сүріп, орнына неге дүкен салмақ? Түсінбедік. Ешкім келіп ақылдасқан да жоқ.  Ішінде наубайхана болады дейді. Біздің қасымызда онсызда бір наубайхана тұр емес пе?!

Жердің дүкен салуға берілгенін әкімдім растап отыр. Ойын алаңы 2 жыл бұрын өтіп кетіпті. Бірақ оны алған кәсіпкер уақыт созып жүріп алған. Енді жерді, жергілікті билік биыл қайтарып алмақ.

Салтанат ӘКІМБЕКОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Қазіргі уақытта  Павлодар қаласының әкімдігі жерді қайтару туралы  «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына хат жолдады. Себебі корпорация «Үйдегі дүкен»  жобасын толық іске асырмады. Оған қоса бұл аумақта қазір дүкен тапшылығы да  жоқ.

Жердің әкімдік қарамағына қашан өтетіні әзірге белгісіз. Дегенмен қала басшылығы, "Алаңға тимейміз", деп сендіріп отыр. Тіпті олар, ойын алаңын жақында жаңартып береміз, деген уәде берді.

Ө. Қуанар