Елордалық еріктілерге "Волонтерлік жобаларды қолдау" байқауы аясында грант берілді. Жобаға Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жиынға 48 жас қатысқан. Қаржылай көмек солардың 22-не бұйырып отыр. Волонтерлардың әр қайсысына жобаларын дамыту үшін 300 мың теңге көлемінде ақшалай демеу көрсетіліп отыр. Ұйымдастырушылар ұсынылған жобалар ішінен қоғамға тиер пайдасы мол жұмыс жоспарларын таңдап отыр. Байқауға өтінім қыркүйектің 10-ы мен қазанның 1-і аралығында қабылданды. Топ жарған еріктілердің бірі - Мұрат Жәңгір. 16 жасар жеткіншек Елордадағы мектептердің бірінде 11-ші сыныпта оқиды. Мұрат карантин кезінде, балалар үйінің тәрбиеЛенушілеріне, әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына ағылшын тілі мен гитара үйірмесін тегін өткізген.
Мұрат ЖӘҢГІР, ЕРІКТІ:
Біздің жобаның мақсаты гитара ойнайтын көпбалалы отбасылардың балаларын гитарамен қамтамасыз ету. Осы жеңіп алған грантыма гитара сатып алып, оларға тегін жалға бермекпін. Одан соң қызығушылыға бар достарыма онлайн аспаппен қалай ойнау керектігін үйретемін.
А. Данияр