$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Полицейлер ғаламтордағы алаяқтарға тұсау сала алмай отыр

AstanaTV
08.10.2020ж. 20:00
2807
Полицейлер ғаламтордағы алаяқтарға тұсау сала алмай отыр

Полицейлер ғаламтордағы алаяқтарға тұсау сала алмай отыр. Өйткені пысықайлар әлеуметтік желінің шикі тұстарын өз пайдасына жаратып-ақ жатыр. Бірі жалған парақшаларды ашумен әлектенсе, енді бірі желіде танысу арқылы арам пиғылын іске асыруда. Әріптесім Абзал Құрманкин алаяқтықтың жаңа түрлерін анықтап көрді.

22 жастағы қызылжарлық жігіт, әлеуметтік желі арқылы қыздармен танысуды әдетке айналдырған. Үйленіп, бас құрау емес, жеңіл ақша табуды мақсат еткен сияқты. Олай демеске шара жоқ, пысықай 3 бойжеткенді тақырға отырғызған. Әрқайсысынаның мойнына онлайн-несие рәсімдеп беріпті. Бір қызығы бұдан қыздар хабарсыз болып шықты. Несиені төлейтін уақыт келгенде, қылмыстың беті ашылды.  

КҮДІКТІ:

Мен алду үшін әлеуметтік желі арқылы танысқан жоқпын. Ешқандай арам ойым болған жоқ. Маған ақша қажет болды. Сондықтан осындай қадамға бардым.

Ақтөбеде де алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Жергілікті кәсіпкер Салтанат Отарбаева осындай әккілердің құрбаны болып отыр. Айтуынша жуырда белгісіз біреулер, оның әлеуметтік желідегі суретін көшіріп алып, таныс-тамырларынан қаржы жинаған.

Салтанат ОТАРБАЕВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Менің инстраграм желімді көріп отыратын біреу болу керек. Менің инста арқылы маған комментарий жазатын, маған жақсы таныс оқырмандарымның арасынан кімнің бизнес аккаунттары бар соларға шыққан. Менің зерттеуімше. Профилге менің суретімді қойып қойған. Суретім тұрған соң басқалар сеніп қалған. Барлығынан елу мың теңге сұраған.

Полицейлер мұндай алаяқтарды ұстау қиынға соғатынын айтады. Бір ғана Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 308 осындай іс тіркелген. Басым бөлігі әлі күнге дейін ашылмай отыр.

Жангелді ӘПЕНОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ПБ КРИМИНАЛДЫ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:

Ғаламтор арқылы ақшаға ие болған соң, алаяқтар ізін суытады. Кейде оларды ұстау үшін ақпарат тапшы болады. Жалпы, алаяқтық үшін қылмыс үшін 3 жылдан 5 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Полицейлер интернет алаяқтарына тап болмау үшін, ғаламтор арқылы жеке басқа қатысты ақпараттарды таратпауға кеңес береді. Сондай-ақ, таныстарға ақшаны көзбе-көз берген жөн, дейді.  

А. Құрманкин