Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Тобыл өңірінде құс еті мен жұмыртқа бағасы қымбаттады

AstanaTV
08.10.2020ж. 20:00
2858
Тобыл өңірінде құс еті мен жұмыртқа бағасы қымбаттады

Құс тұмауы жұмыртқа бағасына әсер ете бастады ма? Қостанай облысында өнімнің құны 10 данасына орташа есеппен 100 теңгеге қымбаттаған. Елдегі құс өсірушілер одағы бағаның шарықтауына әсер еткен бірнеше факторды атады. Жергілікті шенеуніктер тығырықтан шығу үшін тұрақтандыру қорындағы өнімді саудаға шығармақшы.

Аймақтағы ірі құс фабрикалардың бірі жұмысын тоқтатқанына қарамастан, базарда жұмыртқа тапшылығы байқалмайды. Сауда сөрелерінде өнім жеткілікті. Тек құны көтерілген.

Ирина ДИАНДАГА, САТУШЫ:

Әр жұмыртқаның құнын 34 теңгемен есептейтін болсақ, онда мына түрі 6 теңгеге, ал мына жұмыртқалар 10 теңгеге қымбаттады. Орташа есеппен әр жұмыртқаның бағасы 10 теңгеге өсті.

Елеонора ШМАГЛИЕНКО, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:

Кейбір саудагер 10 теңгеге  дейін көтеріп жатыр. Мен фабрика бағасына 2-3 теңге ғана қосып сатам. Өйткені жұмыртқаның құны тым қымбаттап кетті.

Жұмыртқаның 10 данасы бір ай бұрын 260-280 теңге болса, бүгінгі бағасы 400 -ге дейін жеткен. Жергілікті атқамінерлер өнім бағасы жіті бақылауда деді. Енді олар тұрақтандыру қорындағы азықты арзан бағамен саудаға шығаруды жоспарлап қойған.  

Илона ТИМОШЕНКО, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
 
Қазіргі таңда  «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы базасында 8 миллион дана жұмыртқа мен  2 тонна құс еті сатып алынды. Алдағы екі –үш күнде оның шектеулі бағасы белгіленетін болады. Сосын жәрмеңкеде төмен бағамен саудаланады.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Құс еті мен жұмыртқаның бағасы өткен жылмен салыстырғанда 20-25 пайызға өскен. Соңғы бір айда өнімнің құны 50-100 теңгеге қымбаттады. Әкімдік өкілдері бағаның шарықтауына құс тұмауының ешқандай қатысы жоқ деп отыр.

Ал, құс өсірушілер одағы құс өнімінің қымбаттауына дендеген індеттің әсер еткенін айтады. Бұдан бөлек бидайдың бағасы, яғни жемнің құнымен де байланыстырды.

Руслан ШӘРІПОВ, ҚАЗАҚСТАН ҚҰС ӨСІРУШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 
Жаңа жылдан кейін тағы көтеріледі бағасы бидайдың. Сондықтан жұмыртқа бағасы да көтерілуі мүмкін. Россия Жамбыл мен Шымкентке уже алып кепті. Біз көтерсек олар бірден кіреді. Бұрын Ресейге қарағанда 1-2 теңге төмен ұстаушы-ек.  

Құс тұмауына келер болсақ облыстағы жағдай тұрақталды. Бірақ өңірдегі 8 елді-мекенде  шектеу шаралары әлі сақталуда. Сала мамандары Арқалық құс фабрикасы 21 күнге карантинге жапқан.

З. Санай