Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында бір топ жекеменшік балабақша қызметкерлерінің жалақыларын даулап әкімдік табалдырығын тоздырғандарына үш ай болды. Тіпті топпен баса көктеп кіріп, дау да шығарған болатын. Сөздеріне қарағанда, төрт ай бойы маңдай терімен тапқан жалақысын ала алмай жүр. Нәтиже сол беті жоқ. Ашынған тәрбиешілер ақпарат құралдарынан көмек сұрады. Тілшіміз Мөлдір Тоқтасынқызы толықтырсын.
Аудан басшыларынан қайыр болмағандықтан жаңақорғандық тәрбиешілер тілшілерден көмек сұрап отыр. Әкімдік алдына жиналған олар, маңдай терімен тапқан адал еңбекақысын талап етуде.
Қатаң карантин кезінде Жаңақорған тәрбиешілері күнде болмасада ара-тұра жұмысқа шығып тұрған. Ал, жалақыларын толық алулары тиіс еді. Балабақша басшыларының уәдесі сол болатын. Алайда, төрт ай өтті. Тәрбиешілердің қолына, "көк тиын" бұйырмаған. Басшылық болса, "Мемлекеттік қолдау-қаржы кешікті", деп ақталған.
Гүлжан МАҚТАНҚҰЛОВА, АҚҚОРҒАН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕГІ «АСЫЛНАЗ» БӨБЕКЖАЙ БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ ТӘРБИЕШІСІ:
Бастарында кредит бар бәрінің бала-шаға асырау керек, енді қыс көзі келе жатыр. Бізде от болуы керек, көмір. Бізде қаладағыдай я болмаса аудандағы дай газ емес.
Гүлдариға БЕЙСЕНБАЕВА, СУНАҚАТА АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕГІ «ӘЛИНҰР-С» БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Аудандық әкімге жолықтық, кешегі аптаның ішінде. Ол кісі бір аптаға создырмаймын, 2-3 күннің ішінде шешіп беремін деді. Бірақ мәселе шешілмеді. Біз айлығымызды, ақшамызды 100 пайыз беруді талап етеміз.
Негізі Жаңақорған ауданында 80-ге тарта балабақша бар. Басым көпшілігі жалақысын уақытылы алып отыр. Еңбекақы дауы 22 бөбекжайда туындаған.
Қарасай ӘШІРБЕКОВ, ЗАҢГЕР:
Министерстваның шыққан хаты бар жеке балабақшалар ұйымдарда толық мемлекеттік тапсырыспен қаржылары төленсін деген. Мұнда 22 балабақша айлығын ала алмай отыр. Біреулеріне артық құқық беріп тұр да, екіншілеріне кемсітушілік беріп тұр.
Тәрбиешілердің жан айқайына әкімдіктегілер бас ауыртпайтын секілді. Дауы өйткені кеше шыққан жоқ. Мәселенің шешілмей жатқанынан 4 айдан асты.
Дархан ТҰРСЫНБАЕВ, ЖАҢАҚОРҒАН АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Әрбір кент ауылдық округтің әкімдері әкімшілік бағдарламашылар. Яғни солар балабақшаға тапсырыс береді, төлемдерінің барлығын солар төлейді. Карантин кезіндегі төлеу туралы Білім және ғылым министрлігінің Қажы министрлігімен бірлескен бұйрығы келісілді деген ақпарат алып отырмыз.
Дауға прокурорлар араласты. Олар кәсіпкерлердің құқықтары бұзылғандығын растап отыр. Айыптыларды тәртіптік жауапқа тарту керек, деген әкімдікке ұсыныс та беріліпті.
Дарын ӘБІШ, ЖАҢАҚОРҒАН АУДАНЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ:
Құықтарын қалпына келтіру мақсатында аудан әкіміне ұсыныс бердік. Заң бұзушылықты жою, бюджет төленуге тиіс қаржыны есептеп, балабақшаларға төлеу. Сосын сол қаржының дер кезінде төленуіне ықпал жасамаған тиісті лауазым иелерінің тәртіптік жауапкершілігін қарау. Кәсіпкерлік туралы заңға сәйкес біз олардың құқығын шектемеуіміз керек.
Жеке меншік балабақша басшылары да әкімдікке сенім артады. Өйткені, мемлекет тарапынан тиісті қолдау болмаса онда талай бөбекжайдың жағдайы қиындауы әбден мүмкін.
М. Тоқтасынқызы