$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Оралдық мердігерлер жол сапасына қатысты ескертулерді елемей отыр

AstanaTV
15.10.2020ж. 20:00
2399
Оралдық мердігерлер жол сапасына қатысты ескертулерді елемей отыр

Оралдық мердігерлер жол сапасына қатысты ескертулерді елемей отыр. Кемшіліктен көз ашпаса да, құрылысшылар қатесін түзеуге асығар емес. Тіпті біреуі жарық бағаны тұрған жерден жүргіншілер жолын салыпты. Ал енді бір жерде тротуарды жартылай асфальттап, сол күйі тастап кеткен. Амалы таусылған тексерушілер енді құр ескертумен шектелмей, мердігерлерге қатаң шара қолданамыз деп кіжініп отыр.  

Көшеге қиыршық тас төселгенде тұрғындар тобықтан келер батпақтан құтылдық деп шаттанған еді. Бірақ қуаныш ұзаққа созылмады. Өйткені көктемде басталған құрылыс ақыры аяқсыз қалды. Асфальт ішінара төселген жаяу жүргіншілер жолы осылай әр жерден үзіледі. Бас-аяғы жоқ тротуарлардың айналасы ой-шұқырға толы. Бұл аздай еріген қар мен жаңбыр суы ағатын арықтар да орнатылмаған.

Күнжан МАЙКЕНОВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫН:

Мынадай тротуар бола ма? Үйменен бірдей, высокий. Ертең мына жерден су жүреді. Весной суға кетеміз, мына жерден жүрген жаңбырдың суы қайтадан үйге кіреді. Балам жоқ, басқа жақта қызметте. Немерем оқып жатыр. Сонда мен не, күрекпен мен шығам ба тек?


Ал, мынау тіптен қызық. Салынып жатқан жаяу жүргіншілер жолының қақ ортасында жарық бағаны тұр. Абай болмасаңыз, бетон бағанаға соғылып, жарақаттануыңыз бек мүмкін. Бұл - жолдың құрылысына жауаптылардың салғырттығы ма, әлде жауапсыздығы ма? Сауалды мердігерге қойдық.

Сафа АЗИЗОВ, МЕРДІГЕР:

Жолды жобалаған кезде бұл бағананы ешкім байқамаған. Енді бүкіл салмақ бізге түсті. Енді бір бағананы алып тастау үшін айналадағы үйлерді электр жарығынан ажыратуымыз керек. Қағаз жүзінде рәсімдеуге де біраз уақыт кетеді. Бірақ осы аптада бағананы алып тастаймыз.

Жемқорлармен күрес мамандары да мұндай кемшіліктерді саусақпен санап тауыса алмайсыз деп отыр. Көбіне асфальт-бетон жабындыларының ені сәйкес келмейді деді. Тіпті техникалық бақылаушылардың жоқтығы да қалыпты құбылысқа айналған деп отыр.   

Нұрдәулет САМЕТ, ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІ БҚО БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Уәкілетті органдар бар, олардың тарапынан әкімшілік құқықбұзушылық, сонымен қатар сотқа беру шаралары қабылданатын болады. Көп мердігер өте көп объектілерді алып қойған. Алайды олардың техникалық та, адами ресурстары жетпей жатыр. Үлгірмесе оларға бюджет жолдарын қабылдамайды, сонда қаражат аударылмайды.

Жол салуға тапсырыс беруші жергілікті әкімдік болса, техникалық қадағалаушы мекемелеріміз бар деді. Тапсырыс беруші әкімдік мердігерлер ескерту алса да, қатесін түзетуге асықпай отырғанын былай түсіндірді.

Бауыржан АЙМАҒАМБЕТОВ, БҚО ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Бірнеше нысанды алып, сол жерде үлгіре алмай жатады. Олар жаңағы өздерінің жұмыс барысында екі-үш объектіде бір уақытта бола алмайды. Сол жерде жұмыс жүріп кетеді де, сол жерде қателіктер шығып жатыр. Енді біліп істейтін де болар, білмей істейтін де болар. Оны біз білмейміз ғой.


Жол сапасын бақылайтын уәкілетті органдар жауапсыздық танытқан үш мердігерді, былтыр лицензиясынан айырған. Биыл бір компанияны осылай жазалапты.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:
 
Бірақ айласын асырған кәсіпкерлер өзін банкрот деп жариялап, басқа фирма ашып алады. Сөйтіп жұмысын алаңсыз жалғастырып, тендерге қатыса береді екен. Ал олардың жолын кесіп, тыйым салуға құзырлы органдар да қауқарсыз болып отыр.

Жалпы, биыл Орал қаласында жол салуға республикалық бюджеттен 9,3 млрд. теңге бөлініпті. Бұл қаржыға ұзындығы 61 шақырымға созылған 55 көше жөнделді жоспарлап қойған.   

Е. Карин