Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Елордадағы "Жағалау" тұрғын үй кешенінде тағы дау шықты

AstanaTV
20.10.2020ж. 20:00
4014
Елордадағы "Жағалау" тұрғын үй кешенінде тағы дау шықты

Елордадағы «Жағалау»-дың жыры бүгін-ертең бітетін емес. Жаңа үйдің сапасы үлескерлердің көңілінен шықпай отыр. Электр сымы түгіл жылу жүйесі де әлі күнге тартылып болмаған. Тұрғындардың бармаған тауы, баспаған тасы қалмапты. Тақырыпты әріптесім толықтырады.

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:

Жағалаудағы дау әлі басылмай келеді. Өздеріңіз көріп тұрғандай тұрғын үй кешенінің қазіргі сиқы мынау. Тек бұл емес, жылу жүйесінде де ақаулық шаш етектен. Құрылысы аяқталмаған нысан тұрғындары өз үйлеріне тіркеле алмай дал. Соның кесірінен тіпті ешқандай әлеуметтік көмек ала алмай отырмыз дейді.

"Жағалаудың" жырын жырлап үлескерлер ай сайын жиналады десек артық айтпаған болармыз. Сақалды құрылыстың басынан дау кетпегелі 10 жылға жуықтады. Тұрғындар қалай шуласада "баяғы жартас, сол жартас".

Майра АХМЕТОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үйдің подвалын жауын жауса болды су алып кетеді. Жел шығаратын құрылғы да дұрыс салынбаған, соның кесірінен қыс бойы тоңап шығамыз. Жылу жүйесін айтпай-ақ қоюға болады. Қыс бойы жылыту аппаратымен отырамыз. Бұлай шырылдап жүргенімізге қаншама уақыт өтті. Нәтиже жоқ.

Тұрғын үй ресми қабылданбағанымен кейбір ағайын мұнда кіріп алған. Жергілікті биліктің сондай рұқсаты бар. Бірақ олар өз пәтеріне заңды тіркеуге тұра алмайды. Себебі ресми тіркеу жоқ. Бұл аксиома тұрғындарды тығырыққа тіреді. Елдің әлеуметтік көмек түгіл медициналық қызметке қолы жетпей отыр.

Орынбасар ЖҮСІПОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен екінші топтағы мүгедекпін. 2013-те үй алдым. Содан бері әлі күнге өз үйіме иелік ете алмай жүрмін. Амал жоқ туысымның үйіне тіркелдім. Әйтпесе, дәрігерге де қарала алмай, жағдайым тым нашарлай түсетіні анық. Әрең шыдап жүрміз.


Тұрғындардың айтуынша, әкімдік бұл мақсатқа 170-миллион теңге бөліп, сметалық құжат әзірлеген. Бұл қаражат жөндеу жұмыстарына да жетеді, деген. Алайда, көпшіліктің қуанышы су сепкендей басылды. Өйткені, бөлінген қаражат үш есеге қысқарып қалыпты. Мұның ақ-қарасын ажыратып бермек болып, әкімдік елді жиналысқа шақырған. Бірақ оған өздері келмей қалды.

Ерлан БЕРДАЛИН, НҰР-СҰЛТАН қ. ОРТА САПАСЫ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл құрылысқа «ASI» компаниясы жауапты. Әкімдік тарапынан серіктестікке нысанды аяқтау туралы бірнеше нұсқаулар жолданды. Тұрғындар мердігер компанияға арыздануларына болады. Әзірге ешқандай қаржыландыру мәселесі қарастырылмады.


Осылайша басқарма 170 млн теңгеге қатысты тұрғындардың айтқанын теріске шығарып отыр. Алайда, бүгінгі жиынның алдағы күндері өтетінін айтты. Бірақ, "Жағалаудың" жыры нақты қашан шешілетіні әзірге беймәлім.

Ғ.Өтемісов