Ақтөбе облысында ұстаздар өзара жанжалдасып, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі көз жұмды. Тарих пәнінің ұстазы қамалды. Қанды оқиға Темір ауданы Шұбарқұдық елді-мекенінде болған.
Ұстаздар түскі үзілісте, әріптестерінің үйіне барған. Арада не болғаны белгісіз, өзара жандалдасып қалыпты. Облыстық білім басқармасының дерегінше тарих пәнінің мұғалімі, дене шынықтырудан беретін әріптесінің кеуде тұсынан пышақ жарақатын салған. 40 жастағы ұстаз сол жерде тілге келместен көз жұмыпты.
Гүлназ СҮЛЕЙМЕНОВА, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Темір ауданы Шұбарқұдық ауылындағы Жансен Кереев атындағы мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімінің ауласында, екі мұғалім сол мектептің дене шынықтыру және тарих пәнінің мұғалімдері кездескен. Сол жерде өзара келіспеушілік туындаған. Келіспеушілік салдарынан дене жарақатын алған. Түскі мезгілде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Елтезеров қайтыс болды.
Тарих пәнінің мұғалімі бірден қамауға алынған. Ал, әріптестердің жанжалына не себеп болғаны полицияға да әзір белгісіз. Тергеу амалдары жүріп жатыр.
Ерболат САРҚҰЛОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
ҚР ҚК-нің 99-бабы 1 –бөлігі «Адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес қылмыстық істі тергеу шеңберінде өзге ақпарат жария етілмейді.
Еске сала кетсек, бір ай бұрын осы Темір ауданының Кеңқияқ елді-мекенінде үш мектептің жоғарғы сыныбындағы қыздардың арасында төбелес болған еді. Олардың бірі 8 сынып оқушысын шашынан сүйреп, аямай сабаған болатын.
Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:
Қаза тапқан мұғалім де, оны жарақаттаған әріптесі де 10 жылдан бері ұстаздық етіп келген. Дене шынықтырудан берген ұстаздың артында үш баласы қалды. Полиция күдіктінің кінәсі дәлелденсе он бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтты.
Б. Рахметова